Денсаулық сақтау

СҚО-да өткен жылы 1763 адамнан қатерлі дерт анықталған

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Ақпанның 4-і – Дүниежүзілік қатерлі ісікпен күрес күні. Қазіргі таңда облыста аталған дертке шалдыққан 10 мың 460 адам есепте тұр. Өңірде кеселдің ең көп тараған түрі – өкпе обыры. Бұл статистиканы бүгін өткен жылды қорытындылаған облыстық онкология орталығының мамандары айтты.

Статистика жаға ұстатқанымен мұз көңілді жібітетін бір дерек бар. Облыста қатерлі дерттен қайтыс болу жағдайлары азайып келеді. Ақхалаттылардың айтуынша, соңғы уақытта азаматтар дәрігерлерге уақытында қаралатын болған. Нәтижесінде былтыр науқастардың 33%-ында дерт ерте сатысында анықталған. Мұндай жағдайда ауруды емдеу жеңілдей түседі.

ОЛЕГ ДУДЯК, облыстық көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығы бас директорының уақытша міндетін атқарушы:
–  Ауруға шалдығу жағдайлары жиілегенде өлім-жітім де көбейеді. Бұрындары 100 мың адамның ішінен 100-ден астамы дерттен қаза тапса, соңғы жылдары статистика кеміп келеді. Мәселен, 2021-де қатерлі ісіктен – 516, ал былтыр 501 адам көз жұмды.

Аурумен күресуге де, жеңуге де болады. Қазіргі таңда онкологиялық дерттерге қарсы жаңа дәрілер шығарылып, емдеудің тың әдістері қолданылуда. Мамандардың сөзінше, науқасқа обырдан емделу үшін орташа есеппен 2 млн теңге қаражат қажет. Ол мемлекет есебінен төленеді.

ОЛЕГ ДУДЯК, көпбейінді облыстық аурухананың онкологиялық орталығы бас директорының уақытша міндетін атқарушы:
–  Бағасы бірнеше миллион тұратын препараттар бар. Әрине, мұндай емдеуді кез келген жанның қалтасы көтермейді. Сол себепті, бұл бағыттағы шығындарды мемлекет өтеуде.

Қазіргі таңда 2023-2025 жылдарға арналған арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Жоба аясында онкологиялық мекемелер заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталады, тиісінше емдеу сапасы да жақсара түседі.

Алдияр Айтпаев