Қоғам

Өңірде мүгедектігі бар адамдар үшін 14 арнайы жұмыс орны құрылмақ

Бүгінде елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту үшін барынша жағдай жасалып жатыр. Әсіресе, жарымжан жандарды жұмыспен қамту мәселесі – басты назарда.

АЛТЫНБЕК ӘНУАРБЕК, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы:
– Қазіргі уақытта Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шарттарына сәйкес қысқа мерзімді курстарда оқыту және онлайн оқыту, өз ісін ашуға грант алу, қолда бар бос жұмыс орындарына және бюджет қаражаты есебінен жалақы төлеуді көздейтін субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру сияқты жұмыспен қамтудың бірқатар белсенді шаралары іске асырылуда. Мүгедектігі бар адамдардың осы шараларды алуға құқығы басым.

Қазақстан заңнамасына сәйкес әр азамат еңбек етуге құқылы. Оның ішінде ерекше қажеттілігі бар жандар да бар. Сол себепті, ағымдағы жылы Еңбек министрлігі “Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидалары мен шарттарына” өзгерістер енгізіп отыр. Бұған дейін қызмет ұсынушыларға арнайы жұмыс орындарын құру кезінде мемлекеттік бюджеттен субсидиялау арқылы жабдықтарды сатып алуға және оны монтаждауға ғана қаржы бөлінетін.

Дана Сәлімқызы, тілші
– Енді орын алып жатқан өзгерістерге сәйкес, еліміздің жұмыс берушілері мүгедек адамдарға жалақы төлеуге субсидия алатын болады. Сонымен қоса, жаңа өзгерістер негізінде енді мүгедектігі бар адамдар мен жұмыс беруші арасындағы еңбек шарты 3 жылға жасалады.

Субсидияның ай сайынғы мөлшері жұмысқа орналастырудың алғашқы 12 айында жалақы мөлшерінің 70%-ын құрайды, бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Екінші жылы – 65%-ды, үшінші жылы 60%-ды құрайды. Биыл біздің өңірге мемлекет бюджетінен арнайы жұмыс орындарын құру үшін 20 млн теңге бағытталған. Бөлінген қаражатты игерудің нәтижесінде биыл облыста мүгедектігі бар жандар үшін 14 жұмыс орны құрылады.


Дана Ешкенова