Kurultai banner mobile

Ауыл шаруашылығы

АӨК саласында 1,7 мыңнан аса инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда

2030 жылға дейін елдің АӨК саласында 1,7 мыңнан аса инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жайлы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте мәлім болды. Жиында саланы дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев құжаттың алдағы жылдары отандық секторға әсер ететін жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, сондай-ақ, бизнес пен сарапшылардың ұсыныстары ескеріле отырып әзірленгенін атап өтті. Тұжырымдаманың негізгі міндеттері: салада еңбек өнімділігін 2 есеге арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 3 есеге ұлғайту, сондай-ақ барлық азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз етуді кемінде 90%-ға жеткізу. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемін орта есеппен 2,5 есеге көбейту жоспарлануда. Атап айтқанда, тұқым сатып алуды субсидиялау және тұқым шаруашылықтарын жаңғырту есебінен бидай өнімділігін 20 ц/га дейін арттыру жөнінде шаралар қабылданады. Суармалы жерлер аумағын аталған мерзімде 3 млн гектарға, ал минералды тыңайтқыштарды енгізу деңгейін 40%-ға жеткізу жоспарлануда. Бұл ретте техниканы жаңарту қарқыны жеңілдікті лизинг пен басқа да мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 7%-ға жетуі тиіс.


Алдияр Айтпаев