Мәдениет

Өңірге жапондық дирижер Коки Гонгуй Янг келді

 

Петропавлға жапондық дирижер Коки Гонгуй Янг келді. Мейман ертең Ақан сері атындағы облыстық филармонияда эстрада-симфониялық оркестрмен бірге әлемдік классиканың туындылар орындайды. Айта кетсек, бұл жапондықтың біздің қалаға алғаш келуі емес. Сөзінше, осыған дейін де петропавлдықтар жылы қарсы алыпты, бұл жолы да ризалықтарын білдірген. Тіпті, өзімді туған жерімде жүргендей сезінемін дейді.

КОКИ ГОНГУЙ ЯНГ, дирижер:
– Қазақстанда қаншама ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып жатқанын білемін. Өзім де қазаққа ұқсаймын. Сол үшін мені жылы қабылдайды. Менің әкем өзінің туған жері туралы жиі айтатын. Естігенім бойынша сол қаланы Петропавлға ұқсатамын. Осыдан болар, сіздердің қалаларыңыз маған жақын.

Гонгуй Янг Жапонияда дүниеге келген. Кейін отбасымен Қытайға қоныс аударыпты. Ол жақта скрипка класы бойынша орташа музыкалық білім алған. Өнерді жанына серік еткен азамат – Вена музыка және орындаушылық өнер университетінің түлегі. Білім ордасында симфониялық оркестрдің дирижері мамандығын оқып шыққан.

КОКИ ГОНГУЙ ЯНГ, дирижер:
– Ертеңгі концерт 2 бөлімнен тұрады. Басында симфония орындалса, кейіннен көңілді, көпке танымал туындылар жүреді. Жалпы, сахнада өнер көрсету барысында көрермендердің қошеметі маңызды. Петропавлдықтар қолдау көрсетіп, ыстық ықылас білдіреді деп сенемін.

Жапондық мейманмен кездесуге жергілікті музыкалық колледждің студенттері жиналған. Қыз-жігіттер дирижерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.


Алтынай Казиканова