ЭкологияҚоғам

Гидролог мамандар өңірге жауған қардың қалыңдығын өлшеді

Қар деңгейін анықтайтын мамандарды гидролог дейді. Сол мамандар қазір ақ ұлпаның үстімен жеңіл жүру үшін арнайы аяқ киім киіп жатыр. Ол жалпақ, бірақ шолақ шаңғыға ұқсайды. Кейін бір ыңғайлы орын тауып, жұмыстарын бастайды. Мамандар арнайы құрылғының көмегімен ойық жасап, соған сызғышты түсіреді.

 

Қардың қалыңдығы өлшенген соң, тығыздығы анықталады. Мамандардың айтуынша, бұл процесс бір сағатқа созылады.

ДӘУРЕН КОЩУГУЛОВ, «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:
– Біз әр он күн сайын 31 жерде қар деңгейін өлшеу жұмыстарын жүргіземіз. 31 қаңтардағы жағдай бойынша қар жамылғысының қалыңдығы 2 см-ден басталады. Бұл деңгей Тайынша ауданында тіркелді. Қар Ғ.Мүсірепов ауданында көп жауған. Бұнда қалыңдығы 30 см-ге дейін жетеді. Жер қыртысының тоңдану деңгейі Жамбыл ауданында терең – 156 см. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 см-ге көп.

Қар өлшеу жұмыстары көктемгі су тасқыны кезінде қажетті болжам жасауға мүмкіндік береді. Жиналған дерек сараптамадан өткеннен кейін гидрологиялық кеңес беру болжамы шығарылады. Сөйтіп, бұл мәліметтер дер кезінде алдын алу шараларын жүргізу үшін төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті билік өкілдеріне жолданады.

ДӘУРЕН КОЩУГУЛОВ, «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:
– Бұл жұмыстардың нәтижесінде 5-6 ақпанға дейін көктемгі тасқынға қатысты алдын ала болжам жасалады, ал наурыздың 1-іне дейін нақты болжам шығарылады.

Ақпаннан 15-сінен бастап қар өлшеу жұмыстары әр бес күн сайын өткізіледі. Мамандардың айтуынша, биыл қар өткен жылға қарағанда 47 пайызға көп жауған. Қазірдің өзінде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тиісті бақылау әрі дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

ЕРНАР РҮСТЕМ, СҚО ТЖД бөлімінің бас маманы:
– Соңғы жылдары өңірде су тасқынына қарсы іс-шаралардың едәуір көлемі іске асырылды. Соның арқасында 175 елді мекенде қауіп барынша азайтылды. Облыста су тасқыны қаупіне жедел әрекет ету үшін құрамында 475 адам, 135 бірлік техника бар ТЖД, полиция және Ұлттық ұлан бөлімшелерінен жедел топ құрылды. Барлық техникалық ресурстар су тасқынынан осал учаскелерге алдын ала шоғырланатын болады.

Қазіргі уақытта өңірдегі елді мекендерден 168 мың текше метр қар шығарылған. Ал өткен жылы жалпы 600 мың текше метрден аса ақ ұлпа сыртқа төгіліпті. Жалпы, облыс аумағында 19 гидрологиялық бекет бар. Нысандарда қардан бөлек күн сайын ылғал деңгейі, ауа температурасы мен мұздың қалыңдығы өлшенеді.


Самал Жунусова