Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ауылды дамыту мәселесі талқыланды

 

Өңірге ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков келіп кетті. Жұмыс сапары барысында ол Қызылжар ауданына қарасты Новоникольское ауылына ат басын бұрды. Бұл – «Зенченко и К» КС голштино-фриз тұқымды 800 басқа шақталған тауарлы-сүт фермасы. Күнделікті мұнда 55 тонна ақ сауылып, компанияның зауытына жіберіледі.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
–  Бұл фермаларды біз “Ақылды ферма” деп атаймыз. Малдың қиы автоматты түрде сыртқа шығарылады. Сауу жағы да оңтайлы. Мұндағы ірі қаралардың бір-біреуі күнделікті 30 литрден астам ақ береді. Облыстағы жалпы көрсеткіш 25 литрді құрайды.

Фермада Бауыржан Бақытұлы сауын мен төлдеу залдарының жұмысымен танысты. Танысу барысында вице-министрге жалпы дерек баян етілді.
Соңғы 4 жылда облыста 30 тауарлы-сүт фермасы бой көтерді. Соның 4-еуі осы «Зенченко и К» КС тиесілі. Бұл арқылы компания 750 адамды жұмыспен қамтыған. Ісі өрге домалаған агроқұрылым ауылдың гүлденуіне де баса назар аударып отыр. Қазір елді мекенде «Ажар» бөбекжайы жұмыс істейді. Биыл бұл мекеменің жанынан тағы бір жаңа ғимарат бой көтеріпті. Наурыз айында оның іске қосылуымен қамтылатын балақайлардың саны 90-ға жетпек.

ОКСАНА ШВЫДКО, «Ажар» бөбекжайының меңгерушісі, Қызылжар ауданы:
–  Ауылымызға қоныс аударып жатқандар бар. Жаңа мамандар келіп жатыр. Алдағы уақытта құрылған жаңа топқа 1 мен 2 жас аралығындағы бүлдіршіндерді аламыз. Ата-аналар сол күнді асыға күтуде. Күнделікті хабарласып, бөбекжай қашан ашылатынын сұрап отырады.

Вице-министр бас сұққан келесі нысан – Еңбек ері Геннадий Зенченко атындағы орта мектеп. Білім ұясында бірер жыл бұрын жөндеу жұмысы жүргізіліпті. Іске «Зенченко и К» серіктестігі 87 млн теңгеге бағыттаған. Компания басшылығы тұрғындардың бос уақыттарын тиімді өткізу жағын да қарастырған. «Энергия» спорт сарайына күнделікті 50-60 адам келеді. Нысанда бассейн, жаттығу залы, шахмат пен бильярд үстелі бар.

Бауыржан Омарбеков аралаған нысандар бір-біріне жақын жерде орналасқан. Елді мекенмен танысқаннан кейін атқамінер мәдениет үйіне барды. Мұнда министірлік пен өңір басшылығының қатысуымен республикалық семинар ұйымдастырылды. Шарада елдегі ауылдарды дамыту бойынша 2023-2027 жылдарға әзірленген тұжырымдама талқыланды.

БАУЫРЖАН ОМАРБЕКОВ, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
– Бұған дейін біз Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарында болдық. Онда аграрийлармен және жергілікті тұрғындармен тілдестік. Ауқымды талдау жүргізілді. Нәтижесінде елді мекендерді дамыту бойынша жаңа жобалар мен іс-шаралар қолға алынбақ.

Статистикаға сүйенсек, соңғы 15 жыл ішінде ауыл халқының үлесі азаймаған. Керісінше, сәл де болсын өсім бар. Бірақ, 2004 жылдан берді елдегі елді мекендердің саны 1273-ке қысқарған.

НҰРЛАН МАҚСҰТОВ, ҚР ҰЭМ өңірлік даму департаменті директорының орынбасары:
–  Елдегі ауылдардың 50,6%-ында жолдарды күрделі жөндеуден өткізу керек. Елді мекендердің 65,5%-ында тіршілік көзі қолжетімді. Бұл бағыттағы жұмыстар СҚО, Қостанай және Ақмола облыстарында ақсап тұр. Арнайы талдау барысында ауылдағы ағайынның еңбекақысы төмен екендігі де анықталды. Жан басына шаққанда көрсеткіш 42 мың теңгені құрайды.

Одан бөлек елдегі ауылдардың 17,5%-ында медициналық мекемелер жоқ. Сондай-ақ, ағайынның 26%-ы сапалы интернетке қол жеткізе алмай, теперіш көруде.

НҰРЛАН МАҚСҰТОВ, ҚР ҰЭМ Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары:
–  5 жылға жоспарланған концепцияның негізгі бағыты – ауылдағы экономиканы дамыту және ағайынның күнкөрісін жақсарту. Ол үшін ауыл шаруашылығы кооперативтеріне жеңілдетілген несие беру көзделіп отыр. Сондай-ақ, инвестициялық жобаларды Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржылай қолдау жоспарланған. Ауылға білікті мамандарды тарту жұмыстары да мықтап қолға алынбақ.

Жиында ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев та сөз алды. Ол облыста Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қолдауға ие болған жобаларға тоқталды. Соңғы екі жылда 35 жоба қаржылай қолдауға ие болып, 2,5 мың жаңа жұмыс орны құрылған.


Алдияр Айтпаев