Қоғам

Әлихан Смайылов: “Бізге халықпен ашық және нақты байланыс қажет”

 

Үкімет отырысында министрлер мен әкімдердің халықпен өткізген кездесулері қорытындыланды. Өткен жылы ведомство басшылары 216 жеке қабылдау өткізген. Нәтижесінде ағайынды алаңдатқан 1,5 жарымнан астам сұрақ талқыланып, 74%-ы шешімін тапқан. Бұл жайлы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі хабарлады. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша әкімдер 2022-де азаматтармен 20 мыңға жуық кездесу өткізген. Жүздесулерде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым, абаттандыру және экология, жолдарды реконструкциялау, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салу бойынша 33 мыңнан астам ұсыныс мен мәселелер көтерілген. Жиында Премьер-министр Әлихан Смайылов жоспарланған кездесулерден жалтарып, түрлі сылтау айтқан атқамінерлерді сынға алды.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-министрі:
«Бұл жерде қандай да бір сылтау айту орынсыз. Ешқандай себеп қабылданбайды. Барлық кездесулер өткізілуі тиіс. Оған вице-министрлерді де тарту қажет. Бұл азаматтарды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. Бізге ашық және нақты байланыс қажет. Халық үніне құлақ асатын мемлекет үшін мұндай іс-шаралар халықпен қарым-қатынастың маңызды құралына айналуы тиіс».


Алдияр Айтпаев