Ауыл шаруашылығы

Аграрлық несие корпорациясы жастарға арналған жаңа бағдарламаны қолға алды

 

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Көзді-ашық жұмғанша қыстың соңғы айына да келіп жеттік. Көктем жақындаған сайын шаруалар дала жұмыстарын ойлап, сары уайымға салынатыны түсінікті. Бұл ретте кәсіпкерлер Аграрлық несие корпорациясын ұмытпауы қажет. Аталған ұйым көмек қолын созуға әрдайым дайын. Мысалы, былтыр акционерлік қоғамның облыстық филалы 1 мыңға тарта өтінішті мақұлдапты.

Кәсіпкерлерге берілген несиенің көлемі 38,5 млрд теңгені құрайды. Бұл 2021-ші жылдағы көрсеткіштен 9 млрд теңгеге немесе 32 пайызға көп екен. Ақшаның басым бөлігі егіс және орақ жұмыстарына бағытталған. Мұның нәтижесінде 512 теріскейлік тауар өндіруші 1 млн гектардан астам жерден өнім алған.

АЛМАТ ҚОЖАХМЕТОВ, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:
– Былтыр 129 шаруаға техника мен қондырғы сатып алу үшін 7 млрд теңгедей бағытталды. Бұл ақшаға 260-тан астам техника мен қондырғы алынды. Біз ұсынатын несие – жеңілдетілген. Оның жылдық үстемақысы 5 пайызды құрайды. Іскер жандарды биыл да қаржыландырамыз. Өтініш қабылдау желтоқсан айынан бері жүргізіліп жатыр.

Биыл Аграрлық несие корпорациясы жаңа бағдарламаны қолға алды. Оның аясында еңбекке құштар жастарға шағын несие берілмек. Жаңашылдық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен жүзеге асып отыр.

АЛМАТ ҚОЖАХМЕТОВ, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:
– Жеңілдетілген займ 2,5 пайыздық үстемеақымен ұсынылады. Рәсімдеу уақыты 5 жылды құрайды. Егер азамат мал шаруашылығымен айналысуды көздесе, онда қарыз 7 жылға дейін беріледі. Өтініш беруші 21 мен 35 жас аралығында болуы тиіс. Кепілдікке ауылдағы, қаладағы кез келген мүлікті қабылдаймыз.

Кәсіпкерлерге, істі өркендетуді немесе бастауды көздейтін жастарға айтарымыз, қазір қаржы ұйымының жергілікті филиалында онлайн жүйе жұмыс істеп тұр. Оның көмегімен үйде отырып-ақ несие рәсімдеуге болады. Бұл жаңашылдық бірінші кезекте шалғай ауылдардағы ағайынның қалаға шапқыламасы үшін енгізіліпті.


Байболат Култанов