Білім

Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңі бастау алды

Өңірде республикалық олимпиаданың аудандық-қалалық кезеңі бастау алды. Бүгін дарынды балалар математика-информатика пәндерінен білімдерімен сынасуда. Додаға 9-10 сынып оқушылары қатысып жатыр. Дидар Ахметжанов 8-ші орта мектебінде білім алады. Бұрын талай сайыста түрлі жүлдеге ие болып жүрген жасөспірім биыл да үздіктер қатарынан көрінетініне нық сенімді.

ДИДАР АХМЕТЖАНОВ, №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің оқушысы:
– Мен додаға мұғаліміммен дайындалдым. Көптеген бұрынғы жылдардағы олимпиада есептерін шығардым, формулаларды қайталап, практикалық есептерді шығардым. Олимпиада мен үшін біріншіден, білімімді тексеру, болашақта бұдан да үлкен нәтижелерге ұмтылу. Болашақта мен энергетикалық-электрлық немесе математикалық мамандыққа түскім келеді.

Асылтас Наушина да болашақ мамандығын таңдап қойған. Бұрымды полиция қызметкері болуды мақсат етіп отыр. Ол үшін қазірден тыңғылықты дайындалып жүр.

АСЫЛТАС НАУШИНА, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:
– Математика пәнін өте қатты жақсы көремін. Себебі, ол тек есеп шығарумен шектелмей, адамның логикалық ойын жақсартады деп ойлаймын. Мен математикалық, сондай-ақ, Қазақстан тарихы мен қазақ тілінен де олимпиадаларға қатыстым.

5 күнге созылатын олимпиада 15 пән бойынша өткізіледі. Оның 9-ы қоғамдық-гуманитарлық болса, қалған 6-ауы- жаратылыстану-математикалық бағыт.

ДИНАРА РАҚЫШЕВА, қалалық білім бөлімінің басшысы:
–  Ең бірінші, мектептерде олимпиада өтті, енді оның жеңімпаздары қалалық кезеңге қатысып жатыр.
Олимпиадаға 1008 оқушы қатысуда. Ең жоғары ұпай жинаған жеңімпаздар облыстық, кейін республикалық кезеңге жолдама алады.

Облыстық кезең қашан өтетіні әзірге белгісіз. Айта кетейік, академиялық адалдық пен ашықтықты сақтау мақсатында олимпиада “El Umiti цифрлық онлайн платформасы” арқылы жүргізілуде. Яғни, олимпиаданың өтуі веб-камералардың көмегімен бақыланады.


Самал Жунусова