Мәдениет

Жастарға Ленинград блокадасы жайлы айтылды

 

Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында тарихи маңызды оқиға жайлы айтылды. Жиналған мектеп оқушылары Ленинград блокадасы жайлы аз-маз біледі. Альбина Хабибулина бұл оқиға туралы біраз естіген, өйткені, оның атасының әкесі сол Ленинград блокадасында болған. Ол туралы ата-әжесі айтып беріпті.

АЛЬБИНА ХАБИБУЛИНА, оқушы:
–  Менің атам Кубыкин Ион Радионович Ленинградты қолына қару ұстап емес, жөндеу бригадасының қатарында қорғады. Азық-түлікті Ладога көлі арқылы тасымалдау кезінде неміс ұшақтары шабуыл жасайды. Сол жол бойында жауға қарсы төтеп беру үшін зениттік зеңбіректер орнатылады. Менің ұлы атам сол зеңбіректерді жөндеген.

Шараны ұйымдастырушы – “ЛОРД” мектеп-лицейінің мұғалімі Ольга Васильева. Педагогтың айтуынша, қазіргі жастар Ленинград блокадасы жайында көп дүниені білмейді. Тарихты ұмытпау үшін өскелең ұрпаққа жиі әңгімелеп отыру қажет дейді.

ОЛЬГА ВАСИЛЬЕВА, “ЛОРД” дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатының мұғалімі:
–  Бүгінгі шараға арналып Ленинград блокадасы жайлы фотосуреттер әзірленді. Ленинградтың Мадоннасы деген атаққа ие болған Ольга Берггольцтің шығармасынан үзінділер оқыдық. Онда жаудың қоршауында қалған қаланың өмірі жайлы біраз дүние жазылған. Жастар тарихи оқиғаны біліп, құрметтеуі керек.

Кітапханада ұл-қыздарға Ленинград блокадасының тұрғындары жазған кітаптар таныстырылды.


Самал Жунусова