Қоғам

Ленинград блокадасының бұзылғанына – 79 жыл

Ленинград блокадасы. Бұл сөзді естіген кезде дене түршігеді. 41-ші жылдың жазынан батыр қала Ленинградты фашист әскерлері 900 күн бойы қоршауда ұстады. Осылайша, шаһарда сыртқы байланыс үзіледі, ішінде аштық орнайды. Жау қыспақа алып, 632 мың адам қайтыс болады. Қала басқыншылардан 44-ші жылдың 27-ші қаңтарында босатылады. Ленинградты қорғауға өңірде құрылған 314-ші атқыштар дивизиясы ат салысқан. Бүгін ата-баба рухына тағзым ету үшін бір топ адам ескерткіш алдына жиналды.

Шараға зұлмат заманда жау қыспағына түскен Ирина Сидельникова да қатысты. Кешегі қиын күндерді нәзікжанды күрсіне еске алды.

ИРИНА СИДЕЛЬНИКОВА, блокадашы
– Радиодан соғыс басталды деген хабарды естігенде 5 жаста болдым. 42-ші жылы Ладога көлі арқылы эвакуацияландым. Содан кейін Саратов облысына келдік.
Анам жұмыс істеген зауыт Сарановқа ауыстырылды. Жеңіс күнін отбасымызбен сол жерде қарсы алдық. Мұны маған есейген кезімде анам айтып берді.

Жалпы, осы күні 314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ескерткіші алдына жиналу – дәстүрге айналған шара. Тұрғындар жау қолынан қаза тапқан жандардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
–  900 күн мен түн бойы Ленинград халқы фашистік солдаттармен күресіп, қаласын қорғады. Пискарев зиратында болдым. Ленинградта жау қыспағында болған бір кішкентай қыздың жазып кеткен күнделігін оқыдым. Онда “Бәрі өлді, жалғыз мен қалдым. Мен де өліп бара жатырмын. Қош бол” деп жазып кетіпті. Бұл жүрекке қатты әсер етті. Сондықтан, біз ленинградтық өрендердің ерлігін әрқашан есте сақтаймыз.

Айта кетейік, аты аңызға айналып, тарих қойнауында қалған батыр қала Ленинград блокадасының бұзылғанына биыл 79 жыл толып отыр.


Алдияр Айтпаев