Ауыл шаруашылығы

«Жер аманаты» комиссиясының көмегімен 5 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

 

Былтыр «AMANAT» партиясының жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылған болатын. Комиссия 5 ай ішінде өнімді жұмыс атқарып, жоспарланған 5 млн гектар жерді мемлекетке қайтарды. Бұл жұмыстар Бас прокуратураның, Ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей ат салысуымен жүзеге асырылды. Мақсат – ұзақ уақыттан бері пайдаланылмаған және заңсыз сатып алынған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтарып, халыққа әділ түрде бөліп беру. Ал жуырда комиссияның бастамасымен jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылды. Аталған сервис мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелеріне мониторинг жүргізуге, оның қайда орналасқанын, контурын анықтауға, сондай-ақ, ауданы мен меншік иесі немесе жер пайдаланушысы туралы мәліметтер алуға мүмкіндік береді. Бүгінге дейін партияға 23 өтініш түсіп, оның 22-сіне жауап берілді. Яғни, 19 өтініш бойынша еліміздің тұрғын үй заңнамасы аясында түсіндіру жұмысы жүргізіліп, 3 өтініш бойынша мәселе оң шешімін тапты, ал 1 өтініш құқық қорғау органында қаралып жатыр.


Дана Ешкенова