Аптадағы маңызды жаңалықтар ТЖ

Облыс әкімі Үкімет отырысында су тасқынына дайындық жайлы баяндады

Қытымыр қыстың жартысын еңсеріп, шуақты көктемге жақындап келеміз. Бұл жыл мезгілі жанға жылу сыйлағанымен, өзіндік қаупі барын ұмытпауымыз қажет. Жауын-шашын молынан түссе, қар күрт ерісе, жер беті дер кезінде жібімесе, тасқынмен күресуге тура келеді. Өзекті мәселе Үкімет отырысында қаралды. Алқалы жиынға өңір басшысы Айдарбек Сапаров та қатысып, әзірлік барысын баян етті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Облыста су тасқыны қаупін жою жөніндегі 3 жылдық Жол картасын іске асыру жалғасуда. Қазіргі уақытта 9 іс-шараның 4-еуі орындалды. 5-еуі бойынша жұмыс жүріп жатыр.

5 жобаның бірі – Есіл өзені арқылы өтетін апатты көпірді күрделі жөндеу. Тиісті жұмысты жүргізу үшін «Қазавтожол»-дың облыстық филиалы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бюджеттік өтінім жолдапты. Қаражат бөлінген жағдайда жобалау биыл басталмақ. 2-ші іс-шара Бескөлдің ықшам аудандарында нөсерлік ағынды сулар және арық жүйесін салуға қатысты.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
–  2022 жылы Бескөлде жалпы ұзындығы 4,5 км болатын нөсерлік ағынды сулар мен арық жүйесін салу жөніндегі жұмыстар жүргізілген. 27 су өткізгіш құбыр орнатылыпты. Осы жылы жұмыс жалғаспақ. Үшінші жоба – Тепличный және Прибрежный ауылдарында қорғаныс бөгетін салу. Бұл бағытта жоба әзірленіпті. Ақпан айында сараптамаға жіберілмек.

Сонымен қатар, өңірде 2 жобаны іске асыру жалғасып жатыр. Алғашқысы – облыс орталығының Ущев көшесіндегі бөгетті жөндеу, екіншісі – республикалық маңызы бар автомобиль жолының Петропавлды айналып өтетін учаскесін реконструкциялау. Баяндамасында Айдарбек Сапаров ауылдарға қатысты ақпармен де бөлісті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Су тасқыны қаупі бар 85 елді мекен бақылауға алынды, оның ішінде 8 ауыл су басуы мүмкін аймақта орналасқан 1 млрд теңгеге облыстық резерв бекітілді. Елді мекендерден қар шығару жұмыстары жалғасуда. Су тасқыны мәселесі тұрақты бақылауда.

Жиынды Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қорытындылап, министрлер мен облыс басшыларына су тасқынына дайындық бойынша тапсырма берді.


Байболат Култанов

REL POST ID: