СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі қос ауылдың тұрғындарын қабылдады

 

Айыртау ауданындағы Шалқар ауылы. Жыл өткен сайын елді мекен дамып келеді. Туристердің қарасы көбейіп, жаңа демалыс орындары ашылуда. Былтыр ауылға асфальт төселіп, көшелері жарықтандырылыпты. Алыстағы ағайынның енді бір арманы бар. Шалқарға таза ауыз су тартылса дейді. Бұл мәселені облыс әкімінің жеке қабылдауында Ермек Жарахметов баян етті.

ЕРМЕК ЖАРАХМЕТОВ, Шалқар ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:
– Тіршілік нәрін ауыл тұрғындары көрші ауылдардан тасуға мәжбүр. Білуімше, бұл шаруа бойынша жобалық-сметалық құжат дайын. Сұрайын дегенім, ауылға тіршілік көзі келетін желі қашан тартылмақ?

ПАВЕЛ ШИЛОВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
–  Бұл жоба “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында қаржыландырылды. Министрлік аталған мақсатқа биыл 598,7 млн теңге бағыттап отыр. Жобаны осы жылы толығымен жүзеге асыру жоспарлануда. Тиісті конкурс ұйымдастыру үшін өтініш тасталды.

“Ең бастысы, қаржыландыру бар. Сол себепті, істі көпке созбай, бастау қажет”, – деді Айдарбек Сапаров.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Келісімшарт жасалғаннан кейін қажетті материалдарды бірден сатып алу керек. Қар ерісімен іске кірісу қажет. Жұмысты бақылауда ұстаңыздар. Бұл шаруаны соңына дейін жеткізу қажет.

Бұдан кейін облыс әкімінің көмегіне Қызылжар ауданындағы Рассвет ауылының тұрғыны жүгінді. Виктория Гвоздева елді мекеннің кіреберісіндегі жолдың жағдайын айтты. Нәзікжандының бұйымтайына бейінді басқарма басшысы Мақсат Баяхмет жауап берді.

МАҚСАТ БАЯХМЕТ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
–  Рассвет ауылына кіреберіс жол салу жөніндегі жобалық-сметалық құжат дайын. Жақында жаңа шарттармен байқау өткізіледі. Істі толығымен күз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жолдың ұзындығы 1,5 шақырым болады.

Қос ауыл тұрғындарының мәселесі де биыл оң шешімін табады.


Алдияр Айтпаев