Қоғам Бизнес және экономика

10 іскер нәзікжанды “Бизнестегі желі” бағыты бойынша онлайн оқытудан өтті

 

Жергілікті кәсіпкерлер палатасында өткен жылдың наурыз айында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылған болатын. Шамалы уақыттың ішінде орталық мамандары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген. Атап айтқанда, 9 айдың ішінде 400-ге жуық әйелге 700-ден астам қызмет көрсетіліпті. Бұл – кеңес беру, оқыту, тәлімгерлік қолдау, әйелдер бизнесінің қазіргі жағдайын бағалау.

ИРИНА ВАСИЛЬЕВА, СҚО әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының консультанты:
– 20-дан астам әйел кондитерлік, тігін өндірісі және сұлулық қызметтері сияқты бағыттар бойынша бейіндік оқытудан өтті. Сондай-ақ, нәзікжандылар әлеуметтік кәсіпкерлік, салық және бухгалтерлік есеп, бизнесті жүргізудің құқықтық аспектілері секілді кәсіби өсу тренингтері мен шеберлік сабақтарына да қатысты.

Орталық мамандары Британдық бизнес-мектебімен бірлесе “Бизнестегі желі” бағыты бойынша онлайн оқыту ұйымдастырған. Курстарға 10 солтүстікқазақстандық іскер нәзікжанды қатысты. Оқыту барысында кәсіпкер әйелдер өнімдері мен қызметтерін ілгерілетуді, клиенттік базаны кеңейтуді және серіктестік байланыс орнатуды үйренді.

Ал бүгін жергілікті кәсіпкерлер палатасында бұл нәзікжандыларға курстарды сәтті аяқтағаны үшін Лондондағы халықаралық бизнес-мектебінің алғыс хаттары табысталды. Марапатталғандардың арасында Зарина Мавляни де бар. Нәзікжанды қазақы үлгідегі киім тігумен айналысады. Қазіргі күні іскер жанның жеке тігін цехы мен сән үйі бар.

ЗАРИНА МАВЛЯНИ, кәсіпкер:
– Тігіншілік кәсіппен 8 жыл айналысамын. 4 жыл бұрын ұлттық киім тігу бағытында сән үйін аштым. Бұнымен тоқтап қалмай, ісімді одан әрі өрге домалатқым келеді. Өткен жылы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында Британдық бизнес-мектебімен бірлесе курстар өтетінін білдім. Бірден қатысуды жөн көрдім. Жаңа білімнің нәтижесінде өз бизнесіме сырттан қарап, оны кеңейтуді шештім. Нәтиже жаман емес. Жуырда “Мир” атты фабрикамды аштым.

Ал тайыншалық Зәуре Тұрлыбаева 2019 жылы мемлекет қолдауымен азық-түлік дүкенін ашқан болатын. Ол да кәсібін кеңейту үшін “Бизнестегі желі” бағыты бойынша онлайн-оқыту курсына қатысқан. Қазіргі таңда курстардан алған білімі оң нәтижесін беруде.

ЗӘУРЕ ТҰРЛЫБАЕВА, кәсіпкер, Тайынша ауданы:
– Жуырда біз жартылай фабрикаттар өндіретін цехті іске қостық. Сондай-ақ, дүкеннің жанынан шағын дәмхана аштым. Келушілер көп. Осы курстардың нәтижесінде кәсібім өрге домалауда. Бір түсінгенім, жаңа іс бастағыңыз келесе, оны кейінге қалдырмау қажет.

Айта кетейік, “Бизнестегі желі” бағыты бойынша онлайн оқыту өткен жылдың сәуірі мен желтоқсан айы аралығында өткен. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы осындай курстарды биыл да ұйымдастырмақ.


Дана Ешкенова

REL POST ID: