Қоғам

Тарифті инвестицияға айырбастау

 

Бүгінде елдегі электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен 2-сінің, жылу коммуникацияларының 57%-ы және су құбыры желілерінің жартысына жуығы тозған.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында монополия нарығында «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керектігін айтқан болатын. Бұл жүйе жылу көздері мен қуат көздерінің тозу деңгейін 15 пайызға дейін азайту мақсатында жүзеге аспақ.

Дамир Тоқтамысов, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Тарифтерді жасанды түрде ұстап тұру желдеткіштің сөнуіне, апаттарға, нәтижесінде азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретіні анық. Осыған байланысты монополиялық нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясатына көшу туралы Мемлекет басшысымен тапсырма берілді. Табиғи монополиялар туралы Заңның 1-бабының 5-тармақшасына сәйкес, осы Заңның негізгі мақсаты табиғи монополиялар саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу рәсімдерінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

Дамир Тоқтамысовтың сөзінше, елде «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты 2015 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Сол уақыттан бері табиғи монополиялар субъектілері өздеріне инвестиция тартудың арқасында ұзақ мерзімді тарифтік саясатты жүзеге асыра бастаған.

Дамир Тоқтамысов, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– 2021-2025 жылдарға ұзақ мерзімді тарифтер бекітілді. Қазіргі таңда сол тарифтермен табиғи монополиялар субъектілері жұмыс істеп жатыр. Бірақ, бұл тарифтің құрамына енгізілген инвестициялық бағдарламаның көлемі негізгі құралдардың тозуын тоқтатуға ғана жеткілікті. Егер де біз жылу көздері мен қуат көздерінің тозу деңгейін 15 пайызға дейін төмендетуді көздеп отырсақ, бұл жеткіліксіз. Содықтан, заңнамаға өзгерістер енгізіліп, ұзақ мерзімді тарифтерді қайта қарауға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда табиғи монополиялар субъектілерімен есептеулер жүргізіліп жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысында коммуналдық қызметтердің тарифі әзірге өзгеріссіз қалып отыр. Бірақ, Дамир Тоқтамысовтың сөзінше, инфляция деңгейін, сондай-ақ, өңірдегі инженерлік инфрақұрылымдардың тозуын ескере отырып, коммуналдық саладағы тарифтердің құны өсуі мүмкін. Жалпы, Петропавл қаласы бойынша коммуналдық желілердің тозу деңгейі орта есеппен 65,4 пайызды құрап отыр. Оның ішінде жылумен жабдықтау желілерінің тозуы – 72,2, сумен жабдықтау – 58, су бұру – 61,7, электр желілерінің тозуы 81,7 пайызға жеткен.


Дана Ешкенова