Қоғам

Қамаудағы қорғансыз жануарлар

Бұл – кәдімгі үйдің ішіндегі жағдай. Адам тұрмайтын, іші жиналмайтын, от жағылмайтын, есігі ашылмайтын баспанада онға тарта мысық пен ит қамалып тұр. Видеоны оларға тамақ апарған еріктілер түсірген. Волонтерлерге төртаяқтылардың мүшкіл жағдайын қала тұрғыны Лариса Игнатова хабарлапты. Тар қапастағы жануарлардың иесі нәзікжандының танысы екен.

ЛАРИСА ИГНАТОВА, қала тұрғыны:
–  Маған танысым қоңырау шалып, өзін ауруханаға жатқызатынын айтты. Сосын ит-мысықтарды уақытша үйіме әкете тұруды өтінді. Барлығын сыйдыруға әрі бағуға мүмкіндік болмағандықтан мен келіспедім. Осыдан кейін еріктілерге хабарластым. Жомарт жүректі жандар қол ұшын созды.

Жанашыр жерлестеріміздің бірі – Зоя Павликова. “Фауна” бірлестігінің мүшесі ит-мысықтар қамалып тұрған үйге әріптестерімен барыпты. Сонда жүдеген жануарларды, ішке күн сәулесі түспейтін терезелерді, қираған пешті көріп төбе шашы тік тұрған.

ЗОЯ ПАВЛИКОВА, “Фауна” ЖҚБ волонтері:
– Әдетте үй жануарлары бөтен адамды жақтырмайды. Ал мына ит-мысықтардың ашыққаны соншалық бізге назар да аудармай апарған тамағымызға бас салды. Төртаяқтыларды күнара тамақтандырып отырдық. Бір күні күтімсіз қалған жануарларды арнайы орталыққа жеткізейік деген ой келді. Екі итті тиісті жерге апарып, орналастырдық. Үйде тағы екеуі қалып отыр. Оларды бізге ауруханадан шыққан иесі: “Баспананы күзетеді”,- деп бермей қойды.

Еріктілер мысықтарды да шығарыпты. Олардың үшеуі ветеринарлық клиникадағы зарарсыздандыру жұмыстарына шыдамай, көз жұмған екен. Қалған бесеуін Зоя Павликова үйінде бағып отыр.

ЛАРИСА ИГНАТОВА, қала тұрғыны:
– Клиникаға жеткізілген жануарларды мен өз көзіммен көрдім. Көрдім де шошып кеттім. Ит-мысықтарға жаным ашыды. Төртаяқтыларды қалай қамауда ұстауға болады? Бұл сұраққа манағы таныс әйел жауап бермей, еріктілерді жерден алып, жерге салды.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Өздеріңіз көріп тұрғандай, үйге мына жолақ апарады. Алғаш келген сәтті біз адамның және иттердің ізін байқадық. Баспанаға жақындап бардық. Сол сәтте есікте тұрған қара құлыпты көрдік. Ал баспананың ішінде иттердің бар-жоғы бізге беймәлім. Бір қызығы, ана тұста жуылған кірлер жайылып тұр.

Көршілермен сөйлестік. Олардың бәрі үйде ешкім тұрмайтынын, жануарлар көрінбейтінін және жағымсыз иіс мазаламайтынын айтты. Тілдесу барысында әйелдің анда-санда түсініксіз әңгімелер айтатынынан да хабардар болдық.

МИХАИЛ МЕЛЬНИКОВ, қала тұрғыны:
–  Көршім – мүмкіндігі шектеулі жан. Мұнда келіп тұрады. Бүгін амандасатын, ертең амандаспайтын әдеті бар. Өзінен түсініксіз, қияли әңгімелерді жиі естідім. Бір күні үйін балақайлар тонамақ болыпты, екінші күні бір шал қол жүгіртті дейді. Сену қиын.

Біз кездесе де, тілдесе де алмаған азаматшамен полиция қызметкерлері хабарласыпты. Нәзікжанды телефон арқылы қазір басқа жақта тұратынын, үйде бір ғана ит қалғанын және оны тамақтандырып тұратынын айтқан. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдың наурызында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қолданысқа енді. Құжат 4 негізгі қағидадан тұрады. Әрқайсысы төртаяқтыларды қорғауға негізделген. Егер ереже еленбесе, айыппұл салынады, тұлға түзеу жұмыстарына тартылады немесе ондаған тәулікке қамалады.

АЗАТ ИСАЕВ, қалалық ПБ учаскелік полиция инспекторы:
–  Жануарларға қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерінсіз қатыгез қарау жағдайы тіркелсе, әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бұл жағдайда жеке тұлғаларға – 5, ал лауазымды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері 20 және 40 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды. Осыны тұрғындар ескерсе дейміз.

ЗОЯ ПАВЛИКОВА, “Фауна” ЖҚБ волонтері:
–  Біз жануарларға қатыгездік танытатын адамдар жазаланғанын, тегін зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілгенін және арнайы орталықтар көптеп ашылғанын қалаймыз. Қазір далада иесіз ит-мысықтар өте көп. Олардың кейбірін тұрғындар кішкентай күндерінде тастап кетеді. Төртаяқтыларды дәрі беріп өлтіретіндер де бар. Біз даладағы жануарларға ақша жинаймыз. Қаржы тамақ алуға, зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуге жұмсалады.

Қабылданған заңнан кейін еріктілерге мемлекет көмектесе бастады. Биыл өңірде ит-мысықтарды зарарсыздандыру, уақытша ұстау, чиптау және иммундау жұмыстары қарқын алады. Оған облыстық бюджеттен 40 млн теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Айта кетейік, үстіміздегі жылдың қыркүйегінен елімізде үй жануарларын міндетті есепке қою жүргізілмек.

НАТАЛЬЯ ТАРАКАНОВА, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
–  Ит-мысықтар ақылы негізде есепке қойылады. Дегенмен, барлығы емес. Халықтың әлеуметтік осал топтарының шығыны мемлекет есебінен өтеледі. Биыл бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 3 млн теңгеге жуық ақша бөлінді.

Кей өңір тұрғындары қыркүйекті күтпей ит-мысықтарын есепке қоюды бастап кетіпті. Өткен жылдың қазан айынан бері теріскейліктер 200-ге жуық үй жануарын тіркеген.

Байболат Култанов