ТЖ

“Крещение Господне” мерекесіндегі қауіпсіздік

 

“Крещение Господне” – православ қауымы үшін ең маңызды мерекенің бірі. Діни мейрам дәстүр бойынша қаңтардың 18-нен 19-на қараған түні басталады. Наным-сенімдерге сүйенсек, бұл күні су ерекше қасиетке ие болып, түрлі ауру-сырқаудың алдын алуға септеседі. Қазір біздің өңірде мерекеге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Қазіргі таңда жағажайлар қардан аршылуда. Ойықтар жасалып жатыр. Біздің облыста су алатын және шомылатын жалпы 27 орын болады. Оның 2-еуі – қалалық жағажай мен өзен портында. Бұл жерлерді біздің мамандар мен полиция қызметкерлері ертеңнен бастап кезекшілік атқарады. Көпжылдық тәжірибе көрсетіп отырғандай, тұрғындардың басым бөлігі түнгі уақытта су алуға келеді.

Біздің облыста суға түсу таңғы 7-ден бен кешкі 10-ның аралығында ұйымдастырылмақ. Қараңғы уақытта аумақтар жарықтандырылады. Оған қоса, киім ауыстыруға арналған шатырлар да қойылады. Кезекшілік дәрігерлер, құтқарушылар мен тәртіп сақшыларынан құралған 300-ден астам маманға жүктеліп отыр. Полиция қызметкерлері жазатайым оқиғалар мен жарақаттануды болдырмау үшін тұрғындарға бірқатар талаптар мен ережелерді ұстану қажеттігін ескертеді.

ГРИГОРИЙ ТЫШ, СҚО ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары:
– Бұл күні шомылушылардың саны көп болатыны белгілі. Сондықтан, тұрғындарды жағажайларға масаң күйде келмеуге, өзен-көлдерде ішімдік ішпеуге шақырамыз. Егер азамат тәртіп бұзатын болса, жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, кішкентай балалар ата-аналарының қарауынсыз суға түсірілмейді.

АЛТЫНАЙ ҚАЗИҚАН, тілші:
– Қазір біз қалалық жағажайдамыз. Мұнда ертеңгі “Крещение” мерекесіне дайындық жұмыстары жүргізілуде. Шомылу үшін 5 ойық әзірленген.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары шомылуға келетін адам ұсақ-түйекке дейін мән берген жөн дейді. Мысалы, азамат өзімен бірге орамал және шомылып шыққаннан кейін киетін жылы киімдерін алуы қажет. Тіпті, аяқ киімге де мұқият болуы керек. Оның ыңғайлы әрі тайғанақ еместігіне көз жеткізген абзал.

МҰРАТ МАРАТОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
–  Бүгін кешкі 9-да адамдардың қауіпсіздігі үшін техника қойылады. Ертең мамандарымыз кірпік қақпай жұмыс істейді. Қазір қалалық жағажайдағы мұздың қалыңдығы – 35-40 см шамасында. Тұрғындарға айтарым, бір уақытта бір жерге жиналуға болмайды. Мұз жарылып кетуі әбден мүмкін. Тағы, ойықтар маңына автокөліктермен келуге тыйым салынады.

Ескеретін тағы бір жайт, суға түсерден бірнеше күн бұрын денені суыққа үйретіп алған дұрыс. Сонда адам салқындап кетпейді. Ал балаларын шомылуға әкелетіндер қастарынан бір елі қалдырмай, мұқият болу керек.

МУРШИДА ОБОЗНОВА, СҚО ТЖД суда құтқару қызметінің медбикесі:
–  Жүрек-қан тамыры аурулары бар адамдарға мұздай суға түсуге болмайды. Коронавируспен сырқаттанған немесе өкпесі қабынған жандарға да барынша сақ болған жөн. Мұндай тұрғындарға өзен-көлдерге толықтай емес, жартылай түсу керек. Мен өзім 2011-жылдан бері қасиетті мерекеде кезекшілік атқарып келемін. Оқыс оқиғалар тіркелген жоқ.

Сөз соңында мынандай статистикамен бөлісе кетейік. Соңғы жылдары аластатылған суға 20 мыңнан астам солтүстікқазақстандық түсіпті.


Алтынай Казиканова