Қоғам

«Сөйле» speaking club-ы өз жұмысын бастады

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесін өсіру. Петропавлда «Сөйле» speaking club-ы өз жұмысын бастады. Бұл жолғы үйірме басқаларынан ерекше, еркін форматта. Яғни, қатысушыларға қазақ тілі теориялық сабақтар арқылы ғана емес, жаңа заманауи әдіс-тәсілдермен үйретіледі. Қазақша әуендер тыңдалады, театрлардан қойылым көрсетіледі, тағысын тағы.

БАҚЫТЖАН ТҰРСЫНОВ, Химия-биология бағытындағы НЗМ мұғалімі:
–  Тілді біз 30 жыл бойы үйретіп келе жатырмыз. Бірақ, айтарлықтай нәтиже бар деп айта алмаймыз. Әрине, белгілі бір нәтиже бар. Қазіргі уақытта тіл үйренудің бірнеше методикасы бар. Бүгін Астана қаласында клубтың алғашқы кездесуі ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта астаналықтардың жасақтаған жоспарының аясында жұмысымызды атқаратын боламыз.

Үйірмені Бақытжан Тұрсынов өткізеді. Ол алғашқы кездесуде әрқайсысының тіл деңгейін қарап, кіммен қалай жұмыс істеу керектігін анықтады. Барлығы – 15 адам қатысуға ниет білдірген. Көріп отырғандарыңыздай, дені – студенттер.

БІРЖАН ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, «Жастар рухы» ЖҚ СҚОФ төрағасы:
– Кездесуге 16-дан 35 жасқа дейінгілер тіркелді. Ары қарай тағы қосыламын деушілер болса, қарсы аламыз.
Солтүстік өңір болғандықтан, өкінішке қарай қазақша түсініп, бірақ сөйлей алмайтын қыз-жігіттер бар. Сол үшін жастарды тартатын боламыз.

Қозыбаев университетінің студенті Нұрилә Нәбиева қазақша түсінеді. Айтуынша, бұрын мемлекеттік тілде жақсы сөйлеген. Орысша оқығандықтан, бұл тұсы ақсап қалған көрінеді. Олқылықты реттеу үшін үйірмеге жазылған.

НҰРИЛӘ НӘБИЕВА,
–  Өзім еріктімін. Менің ойымша, волонтер болғандықтан қос тілде еркін сөйлеу керек. Өйткені, біз әр түрлі жандармен жолығамыз. Осы үйірме арқылы қазақшамды жақсартамын деген сенімдемін.

19 жастағы Новруз Карабанов мемлекеттік тілді білу – әр қазақстандықтың міндеті деп санайды. Курстан кейін толық қазақша сөйлеп кетпесем де терең түсінгім келеді дейді ол.

НОВРУЗ КАРАБАНОВ,
–  Осыған дейін тіл үйренетін мүмкіндік болмады. Курс туралы ести сала өтініш тастадым. Барлығын мұқият тыңдап, меңгеріп алуға тырысамын.

Жалпы, қатысушылар аптасына 1 рет кездесіп отырады.
Үйірме маусым айына дейін жалғасады. Соңында сертификаттар берілуі қарастырылып жатыр.


Алтынай Казиканова