СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстағы емдеу мекемелеріне дәрігерлер қажет

Облыстық әкімдік отырысында денсаулық сақтау саласындағы мәселелер талқыланды. Өңірде эпидемиологиялық маусым басталғалы 800-ге жуық адам жедел респираторлық вирустық инфекциямен ауруханаға жатқызылған. Олардың 65 пайызы – балалар. Мамандар мұны коронавирустық пандемия кезеңінде бірқатар шектеулердің салдарынан кішкентай балалардың иммунитеті тиісті қалыптаспағандығынан деген пікірде.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Кейбір инфекциялық және тұмау ауруларының өсуі байқалады. Бұл не себептен өсіп жатыр?

ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
– Осы эпидемиологиялық кезеңнің басында тұмауға қарсы екпе берген болатынбыз. Сол екпені уақытылы алғанда сырқаттың төмендеуі болар еді деп ойлаймын. Тұмау да коронавирус сияқты ауа тамшылары арқылы ерілетін инфекция. Алдын алу шараларын қолданбағаннан кейін ЖРВИ өсуін байқап отырмыз.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының айтуынша, өткен жылдармен салыстырғанда ЖРВИ жұқтыру фактісі 1,6 есеге өскен. Науқастардың басым бөлігі тұмауға қарсы екпе алмапты. Сол себепті, мамандар, сақтық шараларын ұстанып, дәрігерлер көмегіне жүгінуге кеңес береді. Айта кетсек, облыстағы ең көп тұмау жұқтыру фактісі Петропавл қаласында тіркелген.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
–  Ауруханада 10 науқас кәдімгі тұмаумен, ал 6 адам шошқа тұмауымен емделді. Биыл облыс бойынша 75353 адам тұмауға қарсы екпе алды. Олардың 75 мыңы – жоспарлы екпе салғызатындар. ДДҰ халықтың кем дегенде 10 пайызын вакцинациялауды ұсынады.

Әлі коронавирус инфекциясы толығымен жойылған жоқ. Қазір облыста ковидтен 12 адам емделуде. Олардың 4-еуінің жағдайы орташа болса, 2-еуі ауыр халде. Құмар Күсемісовтың сөзінше, соңғы кездері туберкулезге шалдыққандар саны да артқан. Сондықтан, аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау ауруларының өршуіне жол бермеу шараларын қабылдауды, сондай-ақ, облыс тұрғындары арасында туберкулез дертіне дер кезінде диагноз қоюды қамтамасыз етуді тапсырды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе – медицина мамандарының тапшылығы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы кадр тапшылығы 208 дәрігер мен 209 фельдшерді құраған. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, өңірге жас мамандарды тарту, оларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің өзі еш нәтиже бермейтін көрінеді. Облыстағы емдеу мекемелеріне психиатр, гинеколог, хирург, кардиолог, анестезиолог сынды мамандар қажет.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– 2022 жылы облысқа 280 дәрігер келді. Олардың 185-і қалада, 95-і ауылдарда жұмыс істеп жатыр. Келгендердің 132-сі – жас маман. Өткен жылы өңірден 218 маман кетті. Олардың 140-ы Петропавл қаласынан, 78-і – ауылдардан. Жұмыстан шығып кеткендердің 41-і – жас мамандар. Дәрігерлердің жұмыстан шығу себебі, басқа жаққа көшуі, зейнеткерлік жасқа жетуі және мамандардың жеке секторға ауысуы салдарынан. Қазіргі уақытта зейнет жасына жеткен медицина қызметкерлерінің үлесі 11%-ды құрайды.

Айдарбек Сапаровтың сөзінше, өңірге жас мамандарды тартуда олардың тұрмыс және жұмыс жағдайын жақсарту маңызды және бұл жұмысты күшейту керек. Еліміздің басқа аймақтарынан ғана емес, РФ-ның жақын орналасқан облыстарынан да дәрігерлерді шақырту керек дейді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бізге қанша дәрігер қажет екендігі туралы толық ақпарат беру керексіздер. Оларға қандай жағдай жасау керек, қосымша қанша қаражат бөлу қажет, барлығын егжей-тегжейлі зерттеңіздер. Бұл мәселені толығымен шешейік. Біз көтермеақыны арттыра аламыз. Кейіннен бұл мәселені мәслихат сессиясына шығарамыз.

Облыс әкімі өңірге келетін жас мамандарға көтермеақыны арттыру мәселесін облыстық мәслихат депутаттарымен ақылдасу керек екенін де тілге тиек етті. Сонымен қатар, аймақ басшысы кейбір медициналық мекемелерде техникаларды пайдаланатын дәрігердің жоқтығын, ал кейбір аудандарда керісінше медициналық құрал-жабдық тапшылығы фактілері бар екенін де атап өтті. Сол себепті, Айдарбек Сапаров денсаулық сақтау басқармасына 10 күн ішінде түйткілді мәселелерді шешу жолдары бойынша жауап беруді тапсырды.


Алтынай Казиканова