Мәдениет

Ақын Қ.Жахиннің «Өмірді өлеңмен өлшегем…» атты кітабы жарық көрді

«Өмір өткелінде». Осындай атаумен И.Шухов атындағы қалалық кітапханада кеш ұйымдастырылды. Шара өткен жылы өмірден өткен жергілікті ақын Құнанбай Жахиннің «Өмірді өлеңмен өлшегем…» атты өлеңдер жинағының жарыққа шығуына арналды. Жиынға шалқар шабыт иелері, Құнанбай Қалелұлының туған-туысқандары, замандастары мен сыныптастары қатысты. Жақында тұсауы кесілген кітап жайлы марқұмның ағасы Қуаныш Жахин баян етті.

ҚУАНЫШ ЖАХИН, Құнанбай Жахиннің ағасы:
–  Өлеңдерінің негізі Абай атамызға еліктеп жазылған. Мағжан, Ақан сері туралы, анамызға арнап жазған өлеңдері бар.  Жанры мен түрлері әр түрлі. Оның ішінде саясат та, махаббат та, табиғат та бар. Марқұм інімнің арнайы білімі болған жоқ. Оны ол кемістік деп санамай өлеңдерін жаза берді.

Құнанбай Қалелұлы сегіз қырлы, бір сырлы болған. Бір қызығы, ақын шығармашылыққа ер жеткен шағында бет бұрыпты.

ҚУАНЫШ ЖАХИН, Құнанбай Жахиннің ағасы:
–  Кезінде спортқа жақын болды, намаз оқыды. Өмірдің шынына жету үшін поэзияны дұрыс деп көрді. Інім шабыты келгенде дәптерін, қаламын алып, өлең жазатын. Бала кезінде ондай қасиеті жоқ еді. Өсе келе қалыптаса бастады. Алғашқы өлеңдерін бізге оқытатын.

Кеш барысында ақынның шығармалары оқылды. Ортаға жалынды жастар шықты.

Құнанбай Жахиннің жанұясы кітапханаға ақынның өлеңдері мен ой-толғаулары жинақталған кітаптың бірнеше данасын сыйға тартты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара жерлес тұлғаның бейнесін жоғалтпау, шығармашылығын ұмытпау мақсатында өткізілуде.

ЛӘЗЗАТ ЕРҒОЖИНА, И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханасы №2 филиалының меңгерушісі:
–  Құнанбай Жахиннің поэзиясы – оның өмірінің көрінісі. Бұл – үлкен, көп қырлы қуаныш пен қайғы, уайым мен үміт, орындалмаған армандар әлемі. Оның өлендер жинағы осымен құнды. “Ақынды құрметтеген ел озады” дейді. Сондықтан, біз осындай ақынымызға құрмет көрсетсек артық болмайды.

Құнанбай Қалелұлы көзі тірі болса биыл 60 жасқа толар еді.


Самал Жунусова