Қоғам

14 қаңтарда Сенат депутаттарының сайлауы өтеді

 

Қаңтардың 14-і күні Парламенттің жоғарғы палатасы – Сенат депутаттарының кезекті сайлауы өтеді. Солтүстік Қазақстан облысынан 1 ғана депутат сайланбақ.

Асқар Сақыпкереев, СҚО сайлау комиссиясының төрағасы
 – Солтүстік Қазақстан облысында Сенат депутаттығына 5 үміткер ұсынылды. Барлығы да Конституция мен Сайлау туралы конституциялық заңның талабына сай тексерістен өтті. 3 үміткер тіркелді. Екі кандидаттың тіркеуге қажетті құжаттарды толық көлемде тапсырмауына байланысты тіркеуден өткен жоқ.

Сонымен, Солтүстік Қазақстан облысынан екі кандидат – Гүлмира Кәрімова мен Лаура Қайыржанова сайлауға түспек. Тіркеуден өткен үшінші үміткер Жақсылық Есдәулетов кеше облыстық комиссияға өтініш түсіріп, сайлауға қатысудан бас тартқан екен.

 Асқар Сақыпкереев, СҚО сайлау комиссиясының төрағасы
 – Сайлау бюллетеніне Сенат депутатығына 2 үміткер енгізілген, жалпы 130 сайлау бюллетені әзірленді. Тіркелген үміткерлер – 2 әйел адам. Жұмыс бағыты бойынша: 1 мемлекеттік қызметші, 1 мәслихат депутаты. Мамандығы бойынша: 2 үміткер – оқытушы. Үміткерлердің орташа жасы – 49.

Сенат депутаттарын сайлау – ел өміріндегі маңызды саяси оқиға. Сондықтан, бұл науқанға аса жауапкершілікпен қарау қажет. Айта кетейік, желтоқсанның 24-і күні Сенат депутаттығына үміткерлер сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Шара қаңтардың 13-і күні түнгі 12-де аяқталады. Әр үміткердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына Орталық сайлау комиссиясы республикалық бюджет есебінен бөлінетін шығындардың мөлшерін бекіткен болатын. Ол 550 мың теңгені құрайды. Таңдаушылар тізіміне барлық деңгейдегі мәслихаттардың 187 депутаты енгізілді.