Құқық қорғау органдары

Ішімдікке әуес отбасылардың үйлері тексерілуде

 

Петропавлда мереке күндері 2 адам өрттен көз жұмды. Бүгінде қайғылы оқиғалардың салдары да, себебі де белгілі. Марқұмдардың бірі масаң күйде от жаққан, екіншісі темекіні сөндірмей ұйықтап қалған. Ол да мас болыпты. Осыған байланысты қазір құтқарушылар мен полицейлер рейд жүргізуде.

Мамандардың қолында Жұмысшы кентіндегі ішімдікке әуес отбасылардың тізімі бар. Сол бойынша олар әр үйге кіріп, әңгіме жүргізуде, жаднама қағаз таратуда. Қағазда өрттің шығу себептері мен пешті дұрыс жабдықтау ережелері бүге-шүгесіне дейін жазылған. Ұстаған жерінде қалмай оқылса, көңілге тоқылса, ақпардың әр адам үшін маңызы зор.

ДАНИЭЛЬ САРКИСЯН, қалалық ТЖБ аға инженері:
–  Статистикаға сүйенсек, өрттің 90 пайызы алкогольдің кесірінен болады. Ал ішімдікті шамадан тыс ішкен адамның қызыл жалыннан аман шығуы екіталай. Сол үшін біз әр үйге кіріп, отбасы мүшелерімен тілдесуді жөн көрдік.

Ал тілдесуге тұрғындардың бәрі ниетті емес. Ішімдікке сылқия тойып алған мына әйел мамандарды тыңдағысы келмейді.

Үйдегі пештің алдында арнайы материал жоқ. Егер еденге отын немесе шоқ түссе, өрт шығуы мүмкін.

ДАНИЭЛЬ САРКИСЯН, қалалық ТЖБ аға инженері:
– Біз бас сұққан үйлерде 3 адам ішімдік ішкен күйде болды. Олардың бірі мүгедек жанды бағып отыр екен. Егер өрт шықса, әлгі тұрғын кембағал адамды құтқара алмайды. Осы жайлы да айттық.

Полицейлер мен құтқарушылардан құрылған топ арнайы ұйымдастырылған рейд барысында Жұмысшы кентіндегі 35 үйде болды.