Қоғам

Балалар қарттар үйінің қарияларын мерекемен құттықтай барды

 

 

Жақсылық жаса. Дәл осындай атаумен облыс орталығындағы “Надежда” қарттар үйінде жаңажылдық кеш өтті. Қазыналы қарияларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, концерт ұсынған – отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері.

 

Бұл жандардың жастары бір-бірінен алшақ болса да тағдырлары ұқсас. Біреулері ата-ананың аялы алақанын аңсайды, екіншілері бауыр еті балаларының қамқорлығына зәру. Үлкендер жағы бала мейірімін бүгін бір сәтке болса да сезінгендей болды. Олар ұл-қыздардың өнерін тамашалады.

Шарада әсем әннен шашу шашылып, билер биленді. Жаңа жыл туралы өлеңдер де оқылды. Осылайша, отбасылық үлгідегі балалар ауылының кішкентай өнерпаздары
қарияларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын табыс етті.

1. Қарияларымыз өте көңілді. Біз ән айтып, би биледік. Мен шығыс биін билеп бердім.
2. Қарттар – біздің қазынамыз. Біз оларға әрдайым көмек көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлауға әзірміз.
3. Концерттен бөлек, біз ата-әжелерге өз қолымызбен жасаған сыйлықтарымызды ұсындық. Мен 2023 жылдың нышаны белгіленген жастық тігіп әкелдім.

Қарттар үйінде тұрып жатқан Майра Яфарова “Бүгін біз үшін мейірімділік пен қуаныштың мерекесі ұйымдастырылды” дейді. 81 жастағы кейуана “Надежда” қарттар үйіне өткен жылы көшіп келіпті. Зейнеткердің сөзінше, жанына жақын барлық жандар бұл дүниеден ерте өткен. Жападан жалғыз қалған қария 2022 жылдың басында қатты сырқаттанып қалыпты. Кейін төрт қабырғада жалғыз қалмайын деп осы үйге қоныс аударған.

Майра Яфарова
 – Мен бұл мекемеге өз еркіммен келдім. Өткен жылдың наурыз айынан бері осында тұрамын. Мұнда біз үшін барлық жағдай жасалған. Осында жаңадан өзіме құрбы-құрдас таптым. Таза ауада жиі серуендейміз. Осындай мерекелік іс-шаралар да жиі өтіп тұрады. Жастарға бізді ұмытпай, құттықтап келгендеріне алғыс білдіреміз.

Мұндағы қариялардың дені – жақындарынан айырылғандар. 84 жастағы Георгий Сурдудың да тағдыры Майра Яфарова ұқсас. 20 жыл бұрын әйелінен айырылған зейнеткер жарты жыл бұрын осында қоныс аударған.

Георгий Сурду
– Кезінде “Киров” зауытында слесарь болып жұмыс істедім. Өмір бойы Петропавлда тұрамын. Әйелім өмірден өткеннен кейін, жалғызсырап қалдым. Өкінішке қарай, балаларымыз жоқ. Сондықтан қарттар үйіне көшіп келдім. Бұл жер маған ұнайды. Мұндағы қариялармен күнім тез өтеді. Шахмат, шашки ойнаймыз.

“Надежда” қарттар үйінде қазіргі уақытта 50-ден астам қария тұрып жатыр.

REL POST ID: