Қоғам

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қалай іске асады?

 

 

Желтоқсанның 29-ы күні Сенат «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңды мақұлдады. Ол ресми жарияланғаннан 60 күн өткен соң күшіне енеді. Демек, берешегі бар азаматтар ағымдағы жылдың наурызында банкроттыққа өтініш бере алады.

БАУЫРЖАН ШАЙКЕНОВ, СҚО бойынша МКД басшысының орынбасары
– Заң рәсімдердің 3 түрін қарастырады: соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Барлық 3 процедураны тек борышкердің өзі бастайды. Яғни, несие берушінің борышкердің банкроттығын беруге құқығы жоқ.

Соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін. Мұндайды азаматтар келесі жағдайларда ғана қолдана алады:

1. банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы борыш 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспайды;
2. банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлар алдындағы міндеттемелер бойынша өтініш берілген күннен қатарынан 12 ай ішінде өтеу жоқ;
3. тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ;
4. мерзімі өткен берешекті банкпен реттеу жүргізілді;
5. банкроттық мәртебесі 7 жыл болмауы тиіс.

БАУЫРЖАН ШАЙКЕНОВ, СҚО бойынша МКД басшысының орынбасары
– Сонымен қатар, заң жобасында ерекше жағдайлар қарастырылған: 6 ай бойы атаулы әлеуметтік көмек алушыларға борышты өтемеу кезеңінің бөлігінде 1-ші шарт ескерілмейді. Ал берешегі 5 жылдан артық өтелмейтін азаматтарға жоғарыда аталған барлық шарттар ескерілмейді. Мемлекеттік кірістер басқармасы қарайды. Өтініш EGOV электрондық үкімет порталы арқылы беріледі.

Екінші процедура сот банкроттығына негізделген. Яғни, 5,5 млн теңгеден асатын қарыздар және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады.

БАУЫРЖАН ШАЙКЕНОВ, СҚО бойынша МКД басшысының орынбасары
 – Сот банкроттығының мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болып табылса, онда кредитор оны сот банкроттығы барысында алып қоюға құқылы. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл болмаса, несие берушілер оны талап ете алмайды. Қалған өтелмеген сома борышкердің жосықсыз белгілері болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады.

Үшінші рәсім – төлем қабілетін қалпына келтіру. Мұнда тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін 5 жылға дейін бөліп төлеу қарастырылған. Жаңашылдықтың артықшылығы, түптің түбінде берешек адам “банкрот” деген мәртебе алмайды. Ал егер азамат банкрот деп танылса, онда мынадай салдарын тартады:

1. 5 жыл ішінде берешектер мен кредиттер алуға тыйым салу (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа);
2. қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады;
3. банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады.

Алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды, сондай-ақ, қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін тағайындалған сомманы өтеу бойынша берешектер есептен шығарылмайды.