ГҮЛДЕН СИМБАЕВА, тілші
Қоян жылының алғашқы күндері боран болды. Ал қазір далада көзге әрең көрінетін қар жауып тұр. Алдағы уақытта дәл осындай ауа райы сақталады ма? Мұны біз Қазгидромет өкілдерінен сұрадық.
Мамандардың айтуынша, алғашқы онкүндіктің екінші жартысында бүгінгідей ауа райы сақталады. Яғни, аяз болады. Ал айдың ортасында сынап бағанасы тіпті төмендейді. Бөлім басшысының болжамына құлақ түріңіздер!
ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РММ СҚОФ метео болжам бөлімінің басшысы:
– Екінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде минус 30-35, облыстың солтүстігінде 38 градус аяз, күндіз 25-30, облыстың солтүстігінде 33 градус аяз болжанады.
Үшінші онкүндікте де ауа райы оң қабақ танытпайды. Бірақ, температура сәл болса да көтеріледі.
ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РММ СҚОФ метео болжам бөлімінің басшысы:
– Үшінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде минус 15-20, облыстың солтүстігінде 25 градус аязға, күндіз 5-10, облыстың солтүстігінде 15 градус аязға дейін жоғарылайды.
Гүлзат Ғазизованың сөзінше, қар нормаға жуық түседі. Есесіне, қаңтарда тұман мен бұрқасын жиі болады. Оның салдарынан жолдар жабылуы ықтимал.