Денсаулық сақтау Балалар

Мереке күндері облыста 22 сәби дүниеге келді

 

Биылғы жаңа жыл Амира Мырзабайдың есінде мәңгілік қалмақ. 25 жастағы нәзікжанды желтоқсанның 31-інен қаңтардың 1-іне қараған түні екінші сәбиін дүниеге әкелді. Жас ана ұлына Арлан деп ат қойыпты. Шақалақтың бойы 53 сантиметрді, ал салмағы 3 келі 790 грамды құрайды.

АМИРА МЫРЗАБАЙ
 – Түнгі сағат 2-де ұл баланы дүниеге әкелдім. Шүкір, бәрі жақсы өтті.  Менің және сәбиімнің жағдайы жақсы. Қаңтардың 5-і күні туу керек едім. Бірақ, жан дүнием 31-і немесе 1-і деп сезіп жүрді.

5 сағат өткеннен кейін облыстық перинаталдық орталықта тағы іңгәлаған сәбидің үні естілді. 20 жастағы Эльвира Ермекбаева алғашқы баласын дүниеге әкелді. Бұл жолы да шекесі торсықтай ұл өмірге келді. Қазір жас ананың да, нәрестенің де жағдайы жақсы. Ертең үйлеріне шықпақ.

 ЭЛЬВИРА ЕРМЕКБАЕВА
 – Бастапқыда дәрігерлер босанатын күн қаңтардың 6-сы деп белгіледі. 31-і күні ауырсынып, осында жеткізілдім. Ал қаңтардың 1-і таңғы 7:45-те ұлымды қолыма алдым. Сәбиім 3 келі 700 грамм болып дүниеге келді. Бойы 53 сантиметр. Осындағы ақ халатты абзал жандардың барлығына алғысымды білдіремін.

Жалпы статистикамен бөлісейік. Өңірде қаңтардың 1-і мен 3-і аралығында 22 нәресте дүниеге келген. Балалардың 9-ы жаңа жылдың алғашқы күні өмір есігін ашыпты. Олардың 6-ауы облыстық перинаталдық орталықта туып отыр. 3 ұл және 3 қыз.

 МЕРУЕРТ ДҮЙСЕМБАЕВА, облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы
– Жаңа жыл түні 2 нәресте дүниеге келді. Екеуі де ұл бала. Жағдайлары жақсы. 31-і күні барлық кезекші дәрігерлер мен медбикелер жұмыс істеді.

Сондай-ақ, мереке күндері облыстық перинаталдық орталықта санитарлық авиация өкілдері де жұмыс істепті. Қуанышымызға орай, мамандарға шақырту түспепті.

REL POST ID: