МТРА жаңалықтары

Отбасылық үлгідегі балалар ауылы жаңа жылға дайындық үстінде

 

Данил Вигерич – отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі. 12 жастағы жеткіншек жылда Жаңа жыл мерекесін асыға күтеді. Дәл қазір ол Аяз атаға хат жазуда. Арманы – электронды сағат. Балақай таңғажайып мерекеде арманының орындаларына сенеді.

ДАНИЛ ВИГЕРИЧ, отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:
–  Біз жыл сайын шырша безендіріп, мерекелік кеш өткіземіз. Әзірлеген тақпақтарымызды айтамыз. Ал, түнгі 12-ден кейін далаға шығып, бәріміз отшашу тамашалаймыз. Аяз атаның сыйлықтарын күтеміз.

Отбасылық үлгідегі балалар ауылындағы ұл-қыздардың бәрі талантты. Олар сурет салады, өлең шығарады. Виктория Дараган есімді жеткіншектің мына туындысы әкесіне арналыпты.

ВИКТОРИЯ ДАРАГАН, отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:
– Бұл өлеңімді жаныма аса жақын кісіге арнадым. Әкемді қатты сағындым. Отбасылық үлгідегі балалар ауылында бәріміз доспыз. Мереке қарсаңында шыршаны өзіміз безендірдік. Бірге сурет салғанды да ұнатамыз.

Әр баланың тілін тауып, ана да, әке де болып жүрген – тәрбиешілер. Теңдік Жакаева отбасылық үлгідегі балалар ауылында жұмыс істейді. “Ұл-қыздарды бөліп жармаймын, барлығына өз баламдай қараймын”,- дейді мейірімді жан.

ТЕҢДІК ЖАКАЕВА, отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиешісі:
– Тәрбиеленушілердің сабақтарына қатысамыз, үй жұмыстарына көмектесеміз. Сабақтан келген кезде қарсы аламыз. Келесі күні
шығарып саламыз.

Қазіргі таңда отбасылық үлгідегі балалар ауылында 36 бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың тағдыры әртүрлі. Бірі жақындарынан айрылған, енді бірі әке-шеше қарауынсыз қалған. Ұл-қыздар ата-аналарының жылуын сезінгісі келеді. Өкінішке қарай, өмірде бәрі бірдей жақындарымен қауышпайды. Қазіргі таңда кейбірі басқа адамдардың жүрегінен орын табуда. Мәселен, жыл басынан бері 12 бала қамқорлыққа алыныпты.

REL POST ID: