Қоғам

2022 жыл несімен есте қалды?

 

 

 

АЛТЫНАЙ ҚАЗИҚАН, тілші:
– Қызығы мен шыжығы қатар келген 2022 жыл да өз мәресіне жетіп қалды. 12 ай ішінде өңірімізде бірқатар елеулі оқиғалар орын алып, біраз жетістікке жеттік. Енді өткенге көз жүгіртіп, жылды бірге қорытындылайық.

2022-де өлкемізде сүт өндірісінің даму қарқыны одан әрі артты. 17 тауарлы-сүт кешенінің құрылысы жүргізіліп, басым көпшілігі іске қосылды. Қазанда қуаттылығы 1,5 мың тоннаны құрайтын жаңа құс фабрикасы ашылды. Нысан Қызылжар ауданы Новокаменка ауылында орналасқан. 1 ай өте салысымен Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында да жаңа кәсіпорын ел игілігіне берілді. Оның жылдық қуаттылығы 5 мың тоннаны құрайды.

БЕРІК АҚМҰРЗАЕВ, «Солтүстік бройлері» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
– Құс фабрикасын саларда қалаға жақын жерді іздедік. Аққайың ауданындағы мына төңірек бірден көңілімізден шықты. Республикалық трассаға жақын. Уақыт созбай, іске кірістік. «Солтүстік бройлері» серіктестігі тек құс етін шығаратын болады. Яғни, жұмыртқа өндірілмейді. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Келешекте құс өсірілетін ғимараттардың санын алты нысанға көбейтеміз бе деп отырмыз.

Барыс жылы білім саласында айтулы өзгеріс орын алды. Қозыбаев университеті америкалық Аризона университетімен әріптестігі аясындағы жұмысын бастады. Қазір 1-курстың 40-тан астам студенті қосдипломдық білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатыр. Солардың бірі – Нұргүл Сыздықова. Бұрымды Петропавлда туған. Кейіннен отбасымен Алматыға қоныс аударыпты. Жаңалықты ести сала, кіндік қаны тамған жерге оралуды шештім дейді.

НҰРГҮЛ СЫЗДЫҚОВА, студент:
–  Сабақтар өте қызық өтіп жатыр. Бүкілі – ағылшын тілінде. Біздің мұғалімдеріміз ағылшынша жақсы түсіндіре алады. Сессиялардың барлығын міндетті түрде ағылшынша тапсырамыз. Өте қызық.

Енді мәдениет саласына ойысайық. Биыл теріскейдің темірқазық театрының ұжымы жаңа ғимаратқа көшті. Нысан мен мұндалап сонадайдан көрінеді. Ал іші болса, көз жауын алып, жанға қуаныш сыйлайды. Өнер ордасының ашылу салтанатына қатысқан еліміздің мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру үшін тиісті жағдай жасалып жатқанын айтты.

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР мәдениет және спорт министрі:
– Бұл тек СҚО-ның ғана емес, тұтас халқымыздың ортақ олжасы. Киелі Қызылжар топырағы – қаншама сал-серінің киелі бесігі. Бұл берекелі мекенде Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов сияқты халқымыздың біртуар тұлғалары дүниеге келген.

Қазақ театрының қабырғасынан әлемге танымал киноактриса Самал Есләмова, режиссер Фархат Молдағали сынды таланттар түлеп ұшты. Енді жаңа ғимаратта өнерлі жастардың қатары одан әрі артпақ.

БІРЖАН ЖАЛҒАСБАЕВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:
–  Құрамды кеңейту үшін Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалдымен келіссөз жүргіздік. «Актерлік шеберлікке» оқып жатқан 23 түлекті осында алып келетін болдық. Олар осында дипломдық қойылымдарын қояды және біздің қойылымдарда ойнайды. Түлектер біздің театрда 4 ай болады. Үйренеді, танысады. Дипломдарын алғаннан кейін олардың біздің театрда қалуларына мүмкіндік туады.

Қазақ сазды-драма театры дегенде ойға «Sensitive» би тобы оралады. Ерекше талант иелерінен құрылған топ 16 жыл ішінде қаншама белестерді бағындырды. Осы жылғы шілде айында тіптен таңдай қақтырды. Өнерлі жастар АҚШ-та өткен әлем чемпионатында гран-приге ие болды.

Біздің облыста көрерменнің көзайымына айналған тағы бір топ бар. Мың бұралған бишілерден құралған «Әдемі-ау» ұжымы үшін биылғы жыл жемісті болды. Арулар 3 рет Түркияда өнер көрсетті. Бурса қаласында өткен фестивальдің ашылу мен жабылу салтанаттарына шақырылды.

НАЗЕРКЕ ҚАБДЕНОВА, «Әдемі-ау» қазақ би ансамблінің бишісі:
– Жалпы, масштаб өте үлкен болды. Бізге бәрі ұнады. Көп бишілер келді. Олардан тәжірибе алдық. Өнерлі адамдармен араласу жаныма жақын. Оған қоса олар да түркі тілдес халық болған соң, бізге жақын. Бишілер өте мықты. Филармониямызға алғысымыз шексіз.

Спорт саласында да мақтанарлықтай нәтиже тіркелді. Сәния Зейкенова бес асықтан өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. 11 елдің спортшылары қатысқан сайыста бұрымды асықтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.

СӘНИЯ ЗЕЙКЕНОВА, Қозыбаев университетінің студенті:
– Асықтың адамға тигізер пайдасы: алдымен ептілікке, қырағылыққа, шапшаңдыққа баулиды. Кейде бізден: “Асық деген спорт бар ма? Жоғары дәрежеде жарыстар өткізіле ме?” деп сұрап жатады. Сол кезде қатты қынжыламыз. Көріп отырғандарыңыздай, жуырда Азия чемпионаты өтті. Қазақтың ұлттық ойындарын әлем деңгейіне көтеріп, шыңдай берсек деймін.

Жақында солтүстікқазақстандық спортшылар тағы да қуантты. Нұрсұлтан Жакупов кикбоксингтен Азия чемпионы атанды. Тайландта өткен бәсекеге 22 елден 400-ге жуық спортшы қатысқан. Осында тағы бір жерлесіміз Данияр Жарасовқа қола медаль бұйырды. Желтоқсанның 22-сі күні қос спортшыны жақындары поездан асыға күтіп қарсы алды.

НҰРСҰЛТАН ЖАКУПОВ, кикбоксингтен Азия чемпионы:
– ьАзия чемпионатында 3 кездесу өткіздім. Қарсыластарымның мықты дайындалғаны көрініп тұрды. Ешқайсысы осал емес. Финалда үндістандық спортшымен кездестім. Екінші раундта іштен ұрып, жеңіске жеттім.

АЛТЫНАЙ ҚАЗИҚАН, тілші:
 – Биылғы жылғы жетістіктеріміз осындай. Алға қойған мақсаттар көп. Келе жатқан қоян жылында бұдан да биік шыңдарды бағындарымыз деген ниеттеміз. Жаңа жыл бар шаңыраққа құт-береке, табыс әкелсін!