Құқық қорғау органдары

СҚО-да интернет-алаяқтық жиілеп кетті

 

 

СҚО-да веб-алаяқтықтың басым көпшілігі интернет-сатылым арқылы жасалған. Жыл басынан бері өңірде 700-ден астам интернет-алаяқтық тіркелген. Оның 300-ден астамы жалған жарнамамен байланысты. Мамандардың айтуынша, кибер қылмыскерлердің қолданатын тәсілі ұқсас келеді: олар арзан бағамен тауар ұсынады, адамдардан алдын ала төлем жасауды талап етеді, ақшаны алып алған соң ізін суытады, байланысқа шықпай қояды.

ЕКАТЕРИНА ГАЛАТА – СҚО әкімдігі жанындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топтың мүшесі:
–  Статистикалық деректерді салыстыратын болсақ, біздің облыста интернет алаяқтықтың көбейгенін байқауға болады. Осы орайда тәртіп сақшыларымен бірлесіп кибер қылмыстың алдын алу және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатымен арнайы акция ұйымдастырып жатырмыз.

Мамандар түсіндіру жұмыстарын әсіресе сауда орындарында жүргізгенді құп көреді. Өйткені, мұндай нысандарда адам көп шоғырланған.

ВИТАЛИЙ ПОДЧЕРНИН, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
– Жаңа жыл қарсаңында адамдардың көбі сауда үйлерінде де, интернет арқылы да сауда жасайды. Тұрғындарға тауарды қандай әдіспен алған жағдайда қандай қауіпсіздік шарасын ескеру қажет екендігі түсіндірілді.

Қулардың тағы бір қулығы «банктен қоңырау шалу» болып табылады. Өңірде жыл басынан бері осындай 250-ден астам факті тіркелген.
Осы ретте еске сала кетейік, ешбір банктің қызметкері біреудің телефонына қоңырау шалып, құпия деректерді сұрамайды.