Спорт

Солтүстікқазақстандық кикбоксшылар Азия чемпионатында топ жарды

 

 

Бұл – кикбоксингтен Азия чемпиондарына көрсетілген құрмет. Күннің суығына қарамастан оларды поездан жанкүйерлері, туған-туыстары мен достары құшақ жая қарсы алды. Қазақтың қара домбырасымен ән шырқап қарсы алғандары да бар. Барлықтарының жүздерінде – қуаныш. Нұрсұлтан Жакупов дүбірлі додада 3 кездесу өткізіп, кіл мықтылар арасында топ жарды.


НҰРСҰЛТАН ЖАКУПОВ, кикбоксингтен Азия чемпионы

–  Азия чемпионатында жеңіп шығу қиынға соқты.
Қарсыластар мықты болды. Бірақ, мен өзімнің күш-жігеріме сендім. Финалда индиялық спортшымен шықтым. Екінші раундта іштен ұрып жығып кеттім.

Ал қола медальді еншілеген – Данияр Жарасов. Азия чемпионатының финалында ол 54 салмақ дәрежесінде филиппиндік жігітке қарсы шыққан.
Жарысқа тыңғылықты дайындалып барғанымен жай-күйіне сол жердің климаты кері әсерін тигізген көрінеді. Бірден үйренісе алмадық дейді Данияр.

ДАНИЯР ЖАРАСОВ, кикбоксингтен Азия чемпионатының қола жүлдегері
– Азия чемпионатында филиппиндік спортшыдан ұпай бойынша жеңіліп қалдым. Бұдан көңілім құлазығанымен, мойыған жоқпын. Келесі жылы өтетін әлем чемпионатына қатысамын. Оған барынша дайындалуым қажет. Әлем чемпионы атанғым келеді.

Тайландта өткен додаға 22 елден 400-ге жуық спортшы қатысқан. Кикбоксингтен облыстың аға жаттықтырушысы Әділ Нұржауыпов өңір спортшыларын мақтаныш тұтатынын айтты. Қазіргі таңда тәлімгер – Нұрсұлтан Жакуповтың бапкері. Шәкіртін Азия чемпионатына күзден бері дайындаған.

ӘДІЛ НҰРЖАУЫПОВ, кикбоксингтен облыстың аға жаттықтырушысы
–  Нұрсұлтан Жакуповтың бірінші бапкері Виктор Славный болды. Қазір ол «Қызылжар арландары» спорт клубына мүшелік етеді. Нұрсұлтан 2017 жылы Венгрия елінде әлем кубогын жеңіп алған болатын. Бірталай жетістіктері бар.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 21 алтын медаль еншілеп, жалпы есепте 1-ші орын иеленді.

REL POST ID: