ТКШ

Өңір жолдарын қардан тазалауға 109 техника жұмылдырылған

 

 

Өңір бойынша республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 2 мың шақырымға жуықтайды. Оны қыста қардан тазалауға “Қазавтожол”-дың жергілікті филиалы жауапты.

 ҚУАНЫШ ЕСКЕНДІРОВ, “Қазавтожол” ҰК” АҚ СҚОФ директоры:
–  “Біздің компания республикалық маңызға ие 1939 шақырым жолды қысқы уақытта күтіп-ұстауға жауапты. Бүгінгі таңда дайындалған техниканың саны – 109 бірлік. Бұл 92-і пайызды құрайды. Оның ішінде: 28 бірлік құрама жол көлігі, 17 бірлік автогрейдер, 9 тиегіш және 35 бірлік қар тазалауға арналған трактор”.

Қылышын сүйретіп келген қыстың бір айы артта қалды деуге болады. Бірақ, өңірде әзірге қар аз түсті. Мамандардың сөзінше, қаңтар-ақпан айларында ақ ұлпа қалыңдайды. Жұмыс көлемі артады. Яғни, жолдар тазартылып қана қоймай, көктайғаққа қарсы тұз бен құм қоспасы себіледі. Қазір қорда өңір жолдарына қыс бойына жететін 1650 тонна инертті материал дайындалған.

 ҚУАНЫШ ЕСКЕНДІРОВ, “Қазавтожол” ҰК” АҚ СҚОФ директоры:
 – “Қажетті материалдардың 100 пайызы сатып алынды. Олар: тұз, құм, көмір қалдықтары және 2850 метр ағаш қалқандары орнатылды”.

Жалпы, өңірдегі республикалық тас жолдардың қысқы күтімі – Жол активтері ұлттық сапа орталығының жергілікті филиалының жіті бақылауында. Аталған орталық мамандары биыл автомобиль жолдарына 72 рет тексеру жүргізіпті. Нәтижесінде 110 ескерту жасалған.