СҚО әкімдігі

Айдарбек Сапаров: “Ауылда тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту керек”

 

 

Ауданның инфрақұрылымы дамыған, инвесторлар ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Сәйкесінше, жұмыс орындары да ашылып жатыр. Бірақ, тұрғындар неге басқа жаққа қоныс аударуда, миграцияны қалай тоқтатуға болады? Тайынша ауданына жұмыс бабымен барған Айдарбек Сапаров аудан әкіміне осындай сұрақ қойды. Берік Әлжанов болса проблема шағын ауылдарда екенін, жаңадан ашылған кәсіпорындардың арқасында азаматтар Тайыншаға көшіп жатқанын айтты. Аймақ басшысы ауылдағы жол жақсы болып, тиісті медициналық көмек түрлері көрсетілсе, ешкім кетпес еді деді.

 

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Тұрғындардың көшуін тоқтату үшін оларды жыл бойына жұмыспен қамтамасыз ету керек. Адамдар неге мал шаруашылығымен айналыспайды? Бұл істі қолға алсаңыздар, жем-шөп өндірісі де өрге жүзеді. Ауылдық округ әкімдері мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері тұрғындарды шағын несиелендіру бағдарламасы жайлы құлағдар етулері қажет. 300 млн теңгені бар болғаны 13-ақ адам игерген.

Облыс әкімі агротехнологиялардың қажетті деңгейде орындалмайтындығын, минералды тыңайтқыштың жаңартылмайтындығын баса айтты. Сөзінше, мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Гербицид пен тыңайтқыш алуға – 50, техникаға – 25, оның ішінде отандық өнімге 30 пайыз субсидия берілуде. Оны қолданып жатқандар шамалы.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Не будем обеспечивать и создавать условия для людей, вы завтра останетесь без механизаторов, без комбайнеров, без агрономов. Вы должны обучать их, помогать им. Тогда они будут возвращаться в село.

Аудан бойынша 1 жылда 173 млн теңге игерілмей қалған. 9 айдың қорытындысына сәйкес 402 млн-ы қайтарылыпты. Айдарбек Сейпілұлы қаржыландыру жоспары дұрыс құрылмағандықтан соңы осыған әкелді деп топшылап отыр немесе конкурстар уақытылы жүргізілмеген. Келесі жылы қателіктерге бой алдыруға болмайды. Облыс әкімі жағдай қайталанса, қатаң шара қолданатынын ескертті. Әдеттегідей, аудан әкімі де есеп берді. Қазір Тайыншада 600 орындық мектеп, 5 қабатты 25 пәтерлі тұрғын үйдің, хоккей кортының құрылысы жүріп жатыр.

БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:
–  Ағымдағы жылы Киров ауылында Булаев топтық су құбыры қосылу арқылы тарату желілерінің құрылысы аяқталуда. Чкалово, Петровка, Вероновка, Горький ауылдарындағы сумен жабдықтау нысандарының құрылысы басталды. Іске қосу келесі жылға жоспарланған. Нәтижесінде 5 900-ға жуық адам таза сумен қамтылады.

Биыл Тайынша қаласының 3 көшесі жаңартылған. 5 шақырым жерді ретке келтіруге 600 млн теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Ендігі жылы 3 елді мекеннің ауылішілік жолдарын жөндеу жұмыстары басталмақ. Мұндай ақпарат көңіл көншітеді. Алайда, Тайыншада проблема да жоқ емес.

МАЙРА РЫСБАЕВА, Тайынша қаласының тұрғыны:
– Біздің қала бойынша жаяу жүргіншілер жүретін тротуар жоқ. Сондықтан, қала халқы автомобиль жолының жиегімен жүруге мәжбүр.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біз жазып алып, мәселені қарастырамыз.

Тұрғындар көтерген мәселе жалғыз бұл емес. Тайыншалық Олеся Сахонның қызы оқитын мектептің әбден тозығы жеткен. Апатты жағдайда 141 бала білім алуда.

ОЛЕСЯ САХОН, Тайынша қаласының тұрғыны:
– Қызым бірінші сыныпта оқиды. Балаларымыздың өмірі үшін қатты алаңдаймыз. Ата-аналардың атынан жаңа нысан салу үшін қаражат бөлінсе екен деп сұраймыз.

Вишневка ауылындағы мектептің құрылысы мүлдем бәсеңдеп қалған. Тұрғындардың өтінішін естіген облыс әкімі мәселелер біржақты етілетінін мәлімдеді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Облыста шамамен 23 нысан бюджетке қосылмаған. Құрылысы аяқталмай тұрған мектеп те осыған кіреді. Апатты жағдайдағы білім ошағын бақылау керек. Балалардың қауіпсіздігін ескерген жөн. Проблемаларды шұғыл түрде шешу керек.

Әкімдіктен кейін Айдарбек Сапаров Тайыншадағы көпбейінді ауданаралық ауруханаға барды. Мекемеде 1 апта бұрын жаңа компьютерлік томограф іске қосылған. Аппарат 268 млн теңгеге сатып алыныпты.

МАҚСАТ ҚҰДРАТОЛЛАЕВ, Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының директоры:
– Лаборанттарымыз жаңа құрылғыны толықтай меңгеріп алды. Ол үшін өндірушілер Мәскеуден арнайы келіп үйретті. Компьютерлік томограф 32 тілік жасайды. Әзірге, тесттік режимде жұмыс істеп, мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Бастапқыда 4-5 науқастан қабылдадық. Енді пациенттердің санын 10-15-ке жеткіземіз бе деп отырмыз.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Адамдардың денсаулықтарын түзейік. Ремонт жағынан аудан әкімі көмектеседі. Күрделі жөндеу жұмыстарына біз көмектесеміз.

Облыс әкімі жаңадан орналасқан мамандармен тілдесіп, оларға тиісті қолдау көрсетілетінін айтты. Бұдан соң астықты терең өңдейтін кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен де танысты. Серіктестік күніне 20-25 тонна өнім шығарады, енді көрсеткішті 60-қа жеткізуді көздеп отыр.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Хороший бизнес, глубокая переработка получается. Сколько продукции получаете от пщеницы?

Мұнымен қоса, кәсіпорын өкілдері жас ұстаздар мен дәрігерлерге үй де салып беріп жатыр. Аудан әкіміне де қолдау көрсетуде. Аймақ басшысы шошқа кешенін кеңейту барысын да көріп қайтты.

САЯТ ОРАЗБЕКОВ, «EMC AGRO» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы, Тайынша ауданы:
–  Құйылған инвестициялар көлемі 11 млрд теңгеден асады. Қазіргі таңда мұнда 300-ден астам адам еңбек етуде. Жалпы, кешен былтыр тамыз айында іске қосылды. Нәтижесінде өнім ассортименті ұлғайғанын байқадық. Келесі жылы шаруаны аяқтап, толық іске көшпекшіміз. Құрылғыларды Еуропадан алдыртып жатырмыз. Кеше 2 фурасы келді.

Серіктестік қуаттылықты арттырып, 200 мың басқа жеткізуді жоспарлап отыр. Яғни, келешекте 20 мың тонна шошқа еті шығарылмақ. Облыс әкімі межеге жетсе, Қазақстанда ең ірі кәсіпорынға айналатынын жеткізді. Қазір бұл жақтың өнімдері Өзбекстанға да жіберіліп отырады. Армения және Грузия елдерімен алдын ала келісім жасалған. Етті Қытайға экспорттауға қажетті құжаттар да дайын.