Қоғам

Сенат депутаттығына өңірден бес кандидат үміткер

 

2023 жыл елімізде Парламент Сенаты депутаттарын сайлаудан басталмақ. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев 26-шы қараша күні мәлімдеді. Маңызды шара қаңтардың 14-ші жұлдызында өтеді. Солтүстік Қазақстан облысынан 1 ғана депутат сайланбақ.

АСҚАР САҚЫПКЕРЕЕВ, СҚО бойынша сайлау комиссиясының төрағасы:
– 29 қараша мен 14 желтоқсан аралығында Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну өтті. Солтүстік Қазақстан облысынан 5 адам өз кандидатурасын ұсынды. Барлығы – өзін-өзі ұсыну тәртібімен. Үміткерлердің арасында 2 ер адам, 3 әйел адам бар.

5 кандидат та “АMANAT” партиясының мүшелері. Орташа жастары 48-ді құрайды. Үміткерлікке қабылданбас бұрын олар тыңғылықты тексеріліпті. Мемлекеттік органдарға сұрау салынған. Азаматтар талаптарға сай келгеннен кейін кандидаттыққа ұсынылған.

АСҚАР САҚЫПКЕРЕЕВ, СҚО бойынша сайлау комиссиясының төрағасы:
– Талаптардың сәйкестігі анықталғаннан кейін барлық кандидаттарға сайлаушылар қолдарын жинау үшін қол қою парақтары берілді. 12 желтоқсанда барлық қол қою парақтары облыстық сайлау комиссиясына тапсырылды. Облыстық сайлау комиссиясы көші-қон қызметі департаментінің қызметкерлері мен Солтүстік Қазақстан полиция департаментінің криминалист маманын тарта отырып, жиналған қолдардың растығын тексерді. Сайлаушылардың 154 қолы тексерілді, барлық қойылған қолдар шынайы.

Заңнамаға сәйкес Сенат депутаттығына кандидат болған жанның әр аудан мен қалада бір сенімді өкілі болуға құқығы бар. Бүгінгі күні кандидаттарға сайлау науқаны мен үгіт-насихат жұмыстарына көмектесетін 70 өкіл тіркеліпті.

АСҚАР САҚЫПКЕРЕЕВ, СҚО бойынша сайлау комиссиясының төрағасы:
– Орталық сайлау комиссиясы әр кандидатқа республикалық бюджеттен төленетін сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге 550,0 мың теңге шығыстар көлемін белгіледі. Сонымен, телевидениеде, радиода бағдарламаның тұсаукесері және мерзімді баспасөзде 2 мақала жариялауға 400,0 мың теңге бөлінді.

Жалпы, үміткерлерді тіркеу науқаны желтоқсанның 24-і кешкі сағат 18:00-ге дейін жалғасады.