СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Уәлиханов және Ақжар аудандарында болды

 

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров аудандарды аралауда. Кеше өңір жетекшісі алдымен Уәлиханов ауданына ат басын бұрды. Биыл Кішкенекөл ауылы маңында «Жолдасбай Агро» шаруа қожалығы тауарлы-сүт фермасының құрылысын бастады. Жоба құны – 5,2 млрд теңге. Құрылысын қарашаға дейін жүргізген мамандар істі күн жылынған соң қайта жалғастырады.

СҮЙІНДІК ЖОЛДАСБАЕВ, «Жолдасбай Агро» ШҚ басшысы, Уәлиханов ауданы:
– 1224 бас голштино-фриз тұқымды ірі қараны сатып алу жөнінде келісім шарт жасалды. Құрылысқа әзірге 1 млрд 300 млн теңге қаржы кетті. Тағы 1 млрд теңгесі мал мен құрал-жабдық сатып алуға бағытталды. Құрылыс жұмыстары қайта жанданған сәтте сүт блогы салынады. Жалпы, шаруа келер жылдың қыркүйек айында аяқталады. Алдағы уақытта мал басын 1800-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Уәлиханов ауданында сүт өңдейтін кәсіпорын жоқ. Жергілікті тұрғындар Петропавл мен Көкшетау қалаларынан жеткізілген сүт өнімдерін алады. Қазір біз тұрған ферма алдағы уақытта ашылады. Одан қала берді тағы екеуі салынып жатыр. Осы орайда Кішкенекөлде сүт өңдейтін зауыт салу қажет. Бұл аудан тұрғындарын табиғи таза сүтпен қамтуға мүмкіндік береді. Өз тарапымыздан қажетті көмек көрсетеміз.

Бұдан кейін Айдарбек Сапаров Кішкенекөлдегі орталық аудандық ауруханаға барды. Медициналық мекемеге өткен жылы – 60 млн-ға жуық қаржыға, ал биыл 33,5 млн теңгеге құрал-жабдықтар сатылып алынған. Техника бар, қуатты, бірақ, ауруханада кадр тапшы болып тұр.
Биыл аудандық ауруханаға сырттан 10 ақхалатты тартылған. Соның 5-еуі ғана тұрақтап қалған.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО денсаулық сақтау басқарма басшысының міндетін атқарушы:
– Келген мамандардың барлығы орталық жылыту жүйесіне қосылған, жиһазы бар үймен қамтамасыз етілді, көтерме ақы берілді. Алайда, тұрақтап қалғандары шамалы, оларға аурухана келбеті ұнамаған.

Аурухананың көрінісі Айдарбек Сапаровтың да көңілінен шықпады. Облыс әкімі мекемеге жөндеу жұмыстары қажет екендігін айтты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– В таких условиях работать сложно. По этому врачи уезжают. Надо создать хорошия условия.

Аурухананы аралап шыққан Айдарбек Сапаров жас мамандармен де тілдесті. Облыс әкімі оларға қандай көмек қажет екендігін сұрады.

ЕРМЕК ЕРЕХАН, офтальмолог-дәрігер, Уәлиханов ауданы:
– Көздің түбін қарайтын бір-екі линза, қан қысымын өлшейтін құрал керек. Сондай-ақ, көздің қандай күйде екендігін нақты анықтайтын құрылғы қажет.

Кездесу барысында мәлім болғандай, Уәлиханов ауданында жаңа емхана бой көтермек. Қазіргі таңда медициналық мекеменің жобасы дайын тұр.

Жергілікті ағайнымен жүздескен Айдарбек Сейпілұлына тұрғындар
ауданда перзентхананың жоқтығы мен мамандардың тапшылығын айтты. Өңір жетекшісі аудан әкімі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы осы мәселелерді шешуді тапсырды.
Жиында тұрғындар жолдардың жағдайы туралы айтты. Бейінді басқарма басшысы Мақсат Баяхметтің сөзінше, бұл бағытта ауданда биыл біраз жұмыс атқарылған.

МАҚСАТ БАЯХМЕТ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
– Ағымдағы жылы 208 млн теңгеге Өндіріс-Жұмысшы-Мырзағұл бағытындағы жолды орташа жөндеу жұмыстары басталды. Бұл іс 2023 жылы аяқталмақ. Құлыкөл мен Кішкенекөлдің көшелерін орташа жөндеуді аяқтауды жоспарлап отырмыз. Құлыкөлді биыл бастадық 50 млн теңгеге.

Алдағы уақытта Телжан, Бидайық ауылдарының көшелері жөндеу көреді. Тиісті жобалық-сметалық құжаттамасы дайын тұр. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар Көктерек-Жасқайрат-Қайрат жолының 48 шақырымына қиыршық тас төселеді. “Жалпы, жиында ағайынды алаңдатқан сұрақтар жауапсыз қалмады. Бәріне де тұшымды жауап берілді”, – дейді Кішкенекөл ауылының тұрғыны Жаслан Құнжанов.

ЖАСЛАН ҚҰНЖАНОВ, Кішкенекөл ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

– Айдарбек Сейпілұлы ауданымызға облыс әкімі болып бірінші рет келіп отыр. Сұрағым 2-ші орта мектептің жылыту жүйесі бойынша болды. Әкім бұл сұрақты бақылауға алып, шешіп беретінін айтты.

Күннің екінші жартысында Айдарбек Сапаров Ақжар ауданында болды. Бірінші болып облыс әкімі Талшықтағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралады. Нысан 2019 жылы бой көтеріпті. Қазіргі таңда мұнда жергілікті жас-кәрінің бәрі спортпен айналысады. Күніне 150 жан келеді екен. 10 адам жұмыс істейді. Биыл мекеменің ағымдағы жөндеу жұмысына 35,6 млн теңге бөлініпті.

АЛЕКСАНДР ГЕРЛИЦ – Ақжар ауданының тұрғыны
–  Облыс әкімінен біздің дене шынықтыру-сауықтыру кешені жайлы ойын білдім. Нысанға жоғары бағасын берді. Кешеннің іші жарық, жайлы, ең бастысы, жылы. Жаңа әкімге артар сеніміміз мол.

Әкім ақжарлықтардың да мұң-мұқтажын тыңдады. Бірінші болып өңір жетекшісіне «Ақжар су» серіктестігінің өкілі жүгінді.

ЛЮФТ:
– Біздің су мұнарасы қазіргі таңда 90%-ға тозған. Осыған көмек беріп, оны жаңадан салуға бюджеттен ақша бөлсеңіз. Аязды күндері күнде нысанда тесіктер пайда болады. Оны дәнекерлеу жұмыстары күнде жүргізіледі.

Нысанда апат орын алған жағдайда жұртшылық сусыз қалуы мүмкін. Сол себепті, бұл мәселені Айдарбек Сапаров өз бақылауына алып, шешу жолын қарастыратынын айтты. Жиында жол мәселесі де қаузалды.

ҚАЙЫРКЕШ ЖҰМАТАЕВ, Ақжар ауданының тұрғыны
– Ленинградтан 23 шақырым жерде тұрамыз. Оның арғы жағында 15 шақырымына тегіс асфальт жол салыныпты. Ал біздің ауыл мен Ленинградтың ортасы шұрық-тесік.
2-04 Сол жерді жөндеуге көмек бере аласыз ба?

Бұл жолдың облыстық маңызы бар. Сол себепті де қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Осы ретте Айдарбек Сапаров істі бастауға уақыт жоғалтпай бастапқы іс үшін өңір қазынасынан қаражат алып, жұмысты бастау қажет деді.

ҚАЙЫРКЕШ ЖҰМАТАЕВ, Ақжар ауданының тұрғыны:
– Сұрағымды айттым. Әкім жаңадан келгенімен ол кісіні бұрыннан білеміз. Осы өңірдің адамы. Жаңа Қазақстанда жаңа әкім сайланып жатыр. Үлкен үміт күтеміз. Халықты толғандырып, ашындыратын сұрақтарды шешеді деген ойдамыз.

Жалпы, Ақжар ауданында өңір жетекшісі Талшықтағы орталық жылыту қазандығының жұмысымен де танысты. Бұл нысан 2021 жылы іске қосылған. Қазіргі таңда қазандық арқылы 14 әлеуметтік мекеме және бірқатар тұрғын үйге жылу құбыры тартылған.