Мәдениет

Тәуелсіздік күні қарсаңында көрме қанат жайды

 

«Тәуелсіздік – баға жетпес бағымыз». Осындай атаумен «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде көрме қанат жайды. Ол екі күннен кейін болатын Тәуелсіздік күніне орайластырылған. Шара жас ұрпаққа тәуелсіздікке жету жолын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

 

ӘСЕМГҮЛ ҚЫДБЕКОВА, «Абылай хан резиденциясы» музей кешені директорының орынбасары:
– Бұл бірнеше бөліктерден тұрады. Сонау қазақ хандығы, Тәуке ханның тұсынан – «Жеті жарғы» заңынан бастап, қазіргі тәуелсіздік бұның жалғасы ғой. Тәуелсіздіктің туын биік көтерген Абылай хан деп те айтамыз. Енді тәуелсіздігімізге 31 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде еліміз қаншалықты көркейіп, дамыды, мақтан ете аламыз.

Көрермен назарына қатар тұрған стенд ұсынылған. Мұнда мемлекетіміздің қалыптасу тарихы кезең-кезеңімен баяндалған. Мәселен, алғашқысында Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Қасым ханның «Қасқа жолы» жайлы жіті жазылған. Кешен директорының орынбасары Әсемгүл Қыдбекованың айтуынша, Абылай хан – ел басына күн туғанда қазақтың басын біріктіріп, жоңғар шапқыншылығынан халықты аман сақтап қалу үшін күрескен қолбасшы батыр.

ӘСЕМГҮЛ ҚЫДБЕКОВА, «Абылай хан резиденциясы» музей кешені директорының орынбасары:
–  Бұл – негізінде үш жүздің басын құраған хан. Бұл біріншіден, екіншіден, ауызбіршілікке шақырып, еліміздің егемендігіне бет бұрған ең алғашқы Абылай хан болды деп айтуға болады. Өйткені, сонау қазақ халқы ыдырап, құлдырап бара жатқан кезде ел басына осы Абылай хан тұрған еді. Сондағы оның мақсаты, ұстанымы қала тұрғызып, халықың басын құрап, бір мемлекетке біріктіру болды.

Әрі қарай бет бұрсақ бүгінгі мемлекет туралы да біраз дүние жазылғанын байқаймыз. Жалпы бүгінгі шараға Мамлют ауданындағы Искра орталау мектебінің оқушылары жиылған.

БЛИЦ
–  Хандардың соғыста қандай қару-жарақ қолданғанын көрдік. Қару-жарақтарының түрлілігін көріп, таң қалдық. Қазақ елінің қалыптасуына қосқан үлестері зор екенін білдім.
–  Музей-кешенге бірінші рет келіп тұрмын. Таң қалдырарлық дүние көп екен. Біраз тарихи дерек білдім.

«Тәуелсіздік – баға жетпес бағымыз» атты көрмені қала тұрғындары мен қонақтары желтоқсанның 19-ына дейін тамашалай алады. Тәуелсіздік күні де, яғни желтоқсанның 16-сы музей-кешенде тағы бірқатар қызықты шара өткізу жоспарланып отыр.

REL POST ID: