Денсаулық сақтау

Тұмау жұқтырғандардың жартысынан көбі – балалар

Өңірде эпидемиялық маусым басталғалы, яғни, қазан айынан бері жіті респираторлық вирустық инфекцияға 17 мың 600 астам адам шалдыққан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 33 пайызға көп. Биыл науқастанғандардың 66 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
 – 2022 жылдың 14 қазанында облыста тұмау ауруын тіркеу басталды. Облыста В типті тұмаудың зертханалық расталған 215 жағдайы және А типті тұмаудың (H1N1) зертханалық расталған 1 жағдайы тіркелді. Барлық адамның тұмауға қарсы екпе алмағаны белгілі болды. Науқастардың 18-і – жүкті әйел, 80-і – 14 жасқа дейінгі бала.

Әсет Жұматаев адамдардың көбі тұмауға бейжай қарайды дейді. Ал бойдағы инфекция адамды әлсіретіп, делсал қылады, өзге ауруларды асқындырады. Дене қызуыңыз көтерілсе, бас ауырса, буын-балтыр сыздаса, мұрын бітелсе, тез арада дәрігердің көмегіне жүгінген жөн.
Дерттің алдын алуда екпенің алатын орны бөлек. Оның тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденген дейді мамандар.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
 – Бүгінгі таңда облыста тәуекел тобына жататын 75 000 адам немесе тұрғындардың 13,7 пайызы тұмауға қарсы екпе алды. ДДҰ ұсынылуы бойынша бұл көрсеткіш 10 пайыздан кем болмауы тиіс. 75 000 адамның 4600-і – мектеп оқушылары, 8515-і – медицина қызметкерлері, 514-і -жүкті әйелдер, 1899-ы – балалар үйлерінің, қарттар үйлерінің қызметкерлері мен тәрбиеленушілері, 24 091-і – созылмалы аурулары бар жандар және 37 210-ы эпидемиологиялық белгілері бойынша вакцинацияланған адамдар.

Айта кетейік, А және В типті тұмаудан қорғану мақсатында қолданылатын екпе – ресейлік үш валентті «Гриппол плюс» вакцинасы.

 

Дана Ешкенова