Білім

Педагогтар тәжірибе алмасты

 

Сабақ барысында қолданатын әдістермен бөлісу, тәжірибе алмасу мен педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру. Бұл – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінде өткен шараның басты мақсаты. Оған қала мектептерінің ұстаздары қатысты. Жиын пленарлық отырыстан бастау алды. Онда модераторлар мұғалімнің зерттеушілік мәдениетін тиімді арттыруды сөз қылды. Гүлзат Әлжанованың айтуынша, мұндай семинарлар жиі ұйымдастырылады.

ГҮЛЗАТ ӘЛЖАНОВА, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы СҚО бойынша кәсіби даму институтының аға оқытушысы:
 – Педагогтың зерттеушілік мәдениетін дамытуға, шығармашылық қабілетін арттыруға, кәсіби өзін-өзі жетілдіруге бағытталған оқыту семинарлары ұйымдастырылып отырады. Оның мақсаты педагогтардың тиімді тәжірибесін жинақтау, тарату. Бұндай семинар көп жағдайда онлайн түрде ұйымдастырылып отырады. Оның аясында вебинарлар, тренингтер, практикалық жұмыстар арқылы әрбір мұғалімге жеке және топтық кеңес беріледі.

Пленарлық отырыстан кейін ұстаздар түрлі бағыттағы секцияларға бөлініп, сабақта қолданатын әдістерімен бөлісті. Әрмияш Мусина сабақ барысында оқушының деңгейін бақылап, білімін соған қарап арттыру маңызды дейді. Өз тәжірибесінде осы бағытта бірнеше әдіс-тәсіл қолданады екен. 38 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз – бастауыш сынып мұғалімі. Нәзікжанды Ә.Бөкейханов атындағы №25 орта мектебінде сабақ береді.

ӘРМИЯШ МУСИНА, Ә.Бөкейханов атындағы №25 орта мектебінің мұғалімі:
– А, В, С деп балаларды үш деңгейге бөліп аламыз. Осы бойынша баланың білімін арттыруын қараймыз. Мысалы, А деңгейіндегі оқушыны неге В деңгейіне көтермеске. Дәл солай В деңгейіндегі баланы С деңгейіне көтермеске. Әрқашан баланың ашылуына мүмкіншілік береміз. Жаңа түрлендірілген әдіс-тәсілдер арқылы баланың жаңа қырларын ашу.

Жалпы, «Кәсіби networking жағдайында педагогтың зерттеу мәдениетін жандандыру» атты шараға шамамен 60 адам қатысты. Араларында тәжірибелі ұстаздар да, жас мамандар да бар.

ӘЛМҰРАТ БЕКТЕМІРОВ, облыстық білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:
–  Бүгінгі таңда бұл маңызды сұрақ. Lession study деген тақырып өте өзекті. Бір ғасыр бұрын Жапония елінде Lession study пайда болды. Lession study оқушының мәселелерін зерттеп, білім сапасын арттыруымен танымал.

Семинар бір аптаға жалғасады. Оған ауыл мұғалімдері де қатысады.