Қоғам

Петропавлда аналар ұйымының филиалы ашылды

 

Аналарды ардақтау, ұлтыңды ұлықтау, дәстүріңді ұмытпау. Әсіресе, қазіргі уақытта ұлттық құндылықтарды сақтап қалу аса маңызды. Сол себепті, қоғамда нәзікжандылардың рөлін арттыруға басымдық беріліп отыр. Бұл міндетті осыдан бір жарым жыл бұрын ашылған «Дәстүрге жол – қазақ аналары» республикалық бірлестігі жүзеге асыруға кіріскен. Енді аталған жоба солтүстік өңірде де қанат қақты.

АЙНҰР ЖҮГІНІСОВА, «Дәстүрге жол – қазақ аналары» ҚБ негізін қалаушы:
–  “Дәстүрге жол – қазақ аналары” жобасы өте ауқымды. Оған қазаққа тиесілі нәрселердің барлығы кіреді. Мәселен, қазақты қазақтандыр, тілі, діні, дәстүрі, ырым, қолөнер мен отандық өндірістер де бар. Жай отырған аналарға мастер-класстар беріп, оларды қозғау. Ұмыт болып қалған нәрселердің барлығын жаңартып, заманға сай етіп ортамызға әкелу – біздің мақсатымыз.

«Дәстүрге жол – қазақ аналары» қоғамдық бірлестіктің негізін қалаушы Айнұр Жүгінісованың айтуынша, бір жарым жыл ішінде біраз іс тындырған. Республиканың барлық өңірін қамтыған ұйымға қазіргі уақытта 12 мыңға жуық нәзікжанды мүшелік етеді. Араларында қариялар да, жас қыздар да бар. Соңғысының қызығушылықтары артып келеді дейді Айнұр .

АЙНҰР ЖҮГІНІСОВА, «Дәстүрге жол – қазақ аналары» ҚБ негізін қалаушы:
–  Қазір барлық республика филиалдармен қамтылды. Ол филиалдардың ішінде айылдарда да филиалдар ашылды. Жалпы көлемде 62-ге жуық филиалымыз жұмыс жасап жатыр. Біздің бірлестік ашылғалы тақия, топы киетін қыздарымыздың саны көбейді. Абай тақиясын киетін ұлдар да көбейіп келеді. Бұл қазақтың ұлттық өнеркәсібінің жайлап, қозғалысы басталды десек артық болмас. Бір жылдың ішінде бірнеше қыз бизнес ашты. Соның ішінде кимешек тігеді, шапандар тігеді, ұлттық етік тігетін қыздарымыз да бар. Оларға сұраныс одан сайын арта бастады.

Өңірде ашылған филиалдың төрайымы болып Мейрамгүл Адахқызы тағайындалды. Ол дәстүріміздің дәріптелуі аналарымыздың қолында дейді.

МЕЙРАМГҮЛ АДАХҚЫЗЫ, «Дәстүрге жол – қазақ аналары» ҚБ СҚОФ төрайымы:
– Ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан ұлттық құндылығымызды жас ұрпаққа қалдыруды біздің міндетіміз деп санаймыз. Соған ат салысып жүрген апаларымыз, аналарымыз мықты, белсенді. Облыстардан өте көп нәзікжандылар қосылып жатыр бізге. Енді Петропавлда ашылуын жасап жатқанымызға өте қуаныштымыз.

«Дәстүрге жол – қазақ аналары» бірлестіктің филиалы өңірімізде жаңа ашылып жатса да оған 200-ден астам нәзікжанды мүшелік етеді. Солардың бірі – Шәрбән Қамалиева. Зейнеткер «Балқадиша» атты фольклорлық әжелер ансамблінде ән шырқайды. Ұжыммен бірлесіп бұл жобаға мүшелік етуді жөн көрген. Нәзікжанды аға буын мен жастар арасында сабақтастық орнатуға ниетті.

ШӘРБӘН ҚАМАЛИЕВА, ұйым мүшесі:
–  Осы қоғаммен біздің жасап жүрген жұмысымыз тетелес. Сондықтан, қоғамдық бірлестікке мүше болуды ұйғардық. Біз де қазақ дәстүрін дәріптейміз, қазақи өлеңдер айтамыз.

Алдағы уақытта «Дәстүрге жол – қазақ аналары» бірлестігінің мүшелері түрлі тақырыпта семинарлар өткізбек. Мектеп, балабақшаларға барып, қолөнер шеберлігінен арнайы сабақтар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.


Самал Жунусова