Спорт

Кекушинкай каратеден облыс чемпионаты өтті

Татамидегі тартыс! Демалыс күндері Петропавлда кекушинкай каратеден облыс чемпионаты өтті. Дүбірлі дода Балалар жылы аясында ұйымдастырылды. Оған өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 500-ден астам спортшы қатысты. Каратешілер 5 бірдей татамиде күш сынастырды.

Алғашқылардың бірі болып Всеволод Пережигин есімді жеткіншек шықты. Петропавлдық жас каратеші 35 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қарсыласы да облыс орталығынан. Екеуінің де мықты дайындықпен келгендері көрініп тұр. Дегенмен, Всеволод өзінің шапшаңдығының арқасында басым түсті.

ВСЕВОЛОД ПЕРЕЖИГИН, жарысқа қатысушы:
–  Менің жасым 10-да. Каратемен айналысып жүргеніме 4 жыл болды. Кездесу жақсы өтті. Қарсыласым осал болған жоқ. Бұл әлі басы, алда жеңістерім көп деген ойдамын.

Жас спортшылар арасында қыздар да бар. Кристина Чуйкина 8 жаста. Бұған дейін бернеше сайыста бақ сынап көрген. Осы чемпионатқа да тыңғылықты дайындықпен келіпті. Жас спортшы қарсыласының осал тұсын байқап үлгеріп, жеңіске жетті.

КРИСТИНА ЧУЙКИНА, жарысқа қатысушы:
–  Каратемен айналысудың нәтижесінде өзіме деген сенімділік пайда болды. Бүгінгі қарсыластарымнан ұтылмай, тек жеңіске ұмтыламын. Болашақта қара белбеу алғым келеді.

Облыстық чемпионатта каратешілер 34 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қатысушылардың жас аралығы 5 пен 11-дің шамасында.

ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, Бүкілқазақстандық кекушинкай каратэ ұйымы облыстық филиалының директоры:
– Қатысушылардың арасында республикалық және әлемдік деңгейде сынға түсіп, жүлде алғандар бар. “Art sport” жобасы аясында мыңнан астам ұл-қыз тегін жаттығып жүр. Бұл жоба негізінде биыл 6 ауданда карате үйірмесі ашылды.

Облыс чемпионаты өңірімізде бірнеше жыл қатарынан өтіп келеді. Владимир Витченконың айтуынша, спорттың бұл түрі облыста жылдан-жылға даму үстінде. Карате үйірмелеріне жылына 200-300 жастан қосылып отырады екен.

Самал Жунусова