Аптадағы маңызды жаңалықтар

Университет қызметкерлері марапатталды

Қозыбаев университетінің 85 жылдығына орай оқушылар сарайында салтанатты жиын өтті. Ерлан Шұлановтың айтуынша, білім ордасынан 60 мыңнан астам студент түлеп ұшқан. Қазір олар түрлі саланың тізгінін ұстап, қоғам өміріне өзіндік пайдаларын тигізуде.

Ерлан Шұланов, Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы-ректоры:

– Біз облыстағы жалғыз университетпіз. Сондықтан, бұл бүкіл өңірдің мерекесі.

Салтанатты шараға облыс әкімі Айдарбек Сапаров қатысты. Ол жиналған қауымды айрықша күнмен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Сөзінше, биыл қосдипломдық білім беру бағдарламасы бойынша 155 қыз-жігіт оқып жатыр. Ендігі жылы тағы қосымша 500 грант бөлінбек.

Айдарбек Сапаров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің университет – өзіндік дәстүрі қалыптасқан білім мен ғылымның қара шаңырағы. Түлектері білікті мамандардың қатарын толықтырып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Жоғарғы оқу орнының материалдық-техникалық базасы жаңарып, оқу процесінде заманауи технологиялар қолданылуда. Жаңа оқу-зертханалық корпус салынып, жатақханалар тұрғызылуда. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып әлемдік деңгейдегі Аризона Университетінің филиалы ашылды.

Кезек марапаттау рәсіміне де келіп жетті. Бірнеше жылдық адал еңбегі еленген жандардың ішінде Күлбарам Баязитова да бар. «Азық-түлік қауіпсіздігі» кафедрасының доценті бірталай студенттің бойында ауыл шаруашылығына деген қызығушылығын арттырған. Зоотехниктің шәкірттері қазір жер-жерде еңбек етіп жатыр екен. Шетел асқандары да жоқ емес. Бүгін нәзікжанды «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісмен наградталды.

Күлбарам Баязитова, Қозыбаев университеті «Азық-түлік қауіпсіздігі» кафедрасының доценті:

– Мен өзім мал шаруашылығының мамандарын дайындаймын. Балалар тек қана аудиторияда отырмай, фермерлік қожалықтарына барулары керек. Біздің салада ең жоғарғы методика сол. Компьютерлік технологияларды да қолданамыз.

Ал Зинаида Табакова оқуға түсіп жатқан кезде 3-ші корпустың құрылысы аяқталып жатыпты. Бұл шамамен 57-жылдары болса керек. Білім алып шыққан нәзікжанды мектепке мұғалім болып орналасқан. Одан кейін 71-жылы университетке ауысыпты.

Зинаида Табакова, Қозыбаев университеті «Орыс тілі мен әдебиеті» кафедрасының еңбек сіңірген профессоры:

– Білім беру барысында сапаға аса көңіл бөлген абзал. Өйткені, соңғы жылдардағы жағдайларға байланысты онлайн оқыту болғанын білеміз. Бұл, әрине, білім сапасына әсер етпей қоймады. 53 жыл ішінде 11 білім кандидаты мен 50 магистрді дайындадым. Ғылымның мен үшін алар орны зор. Алдыма келген студенттерімді де осыған баулимын.

Жалпы, университет оқытушыларына түрлі дәрежедегі 180 марапат табыс етілді.