МТРА жаңалықтары

Уәлиханов ауданына медицина мамандары жетіспейді

12 айда қандай шаруа тындырылды? Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Уәлиханов ауданының әкімі де есеп берді. Ауданның маңызды экономикалық саласы – ауыл шаруашылығы. 2021 жылдың қаңтар-қазан айларымен салыстырғанда биыл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің
көлемі 3 пайызға артып, 39 млрд теңгені құрапты. 1,7 млрд теңгеге 70-ке жуық жаңа техника сатып алынған. Жер жеткілікті, жаңа техника баршылық. Бірақ, бір әттегені, биылғы астық көлемі былтырғыға қарағанда аздау шыққан көрінеді. Гектарына шамамен 10 центнерден айналған.

Қайрат Пішенбаев, Уәлиханов ауданының әкімі:

– Қамбамызға 144 мың тонна астық құйылды. Әрине, бұл тек ауа райының қолайсыздығынан ғана емес, тиісті агротехникалық іс-шараларға да байланысты. Сондықтан келер жылы мол өнім жинау үшін қажетті жұмыстар жүргізілетін болады.

Ауданда бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
3 тауарлы-сүт фермасы салынуда. Жалпы құны – 12 млрд теңге. Шаруа келесі жылы аяқталады. Сонымен қатар, ауданда игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінен жұмыс қолға алынған.
Жыл басынан бері 54,5 мың гектар алқап қайтарылған.

Қайрат Пішенбаев, Уәлиханов ауданының әкімі:

– Егістік жерлерді цифрландыруға келетін болсақ, бүгінгі күні 368 мың га немесе жоспардан 67%-ы орындалды. Жыл соңына дейін бұл жұмыс жалғастырылатын болады.

Жол жағдайына келер болақ, Кішкенекөл ауылына 500 млн теңгеден астам қаржы бағытталып, 16 шақырым көше қалыпқа келтірілген. Аталған ауылда тағы 22 шақырым жол жөнделуі тиіс.

Қайрат Пішенбаев, Уәлиханов ауданының әкімі:

– Жөндеу жұмыстары Құлыкөл ауылында да жүргізілмек. Биыл бұл шаруаға 50 млн теңге бөлінді. Жоба екі жылға арналған. Келесі жылы аудандық маңызы бар “Өндіріс-Жұмысшы-Мырзагүл” жолының 35 шақырымына орташа жөндеу жүргізіледі.

Су мәселесіне тоқталайық. Бүгінде аудан халқының 95 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылған. 10 ауылда су тазарту жүйесі орнатылған.

Қайрат Пішенбаев, Уәлиханов ауданының әкімі:

– Биыл Құлыкөл мен Қаратал ауылдарындағы су тарату жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған облыстық бюджеттен 36 млн теңге жұмсалды. Нәтижесінде Қаратал тұрғындарының 60-тан астамы суды үйлеріне дейін өткізіп алды.

Аудандағы 27 елді мекеннің 19-ында ұялы байланыс пен интернет бар. Желтоқсан айында тағы 2 ауыл, яғни Тілеусай мен Қарашілікке сапалы интернет тартылмақ. Қазіргі уақытта ауданда медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. Қайрат Пішенбаевтің айтуынша, саладағы басты мәселе – кадр тапшылығы.

Қайрат Пішенбаев, Уәлиханов ауданының әкімі:

– Аудандағы маңызды мәселе – медицина саласындағы кадр тапшылығы. Жылдың басынан бастап ауданға 8 дәрігер, 4 орта медициналық маман келді. Ауданға әлі де кардиолог, онколог, дерматолог, стоматолог, акушер-гинеколог сияқты мамандар қажет. Емхана салу жоспарда бар. Ол үшін жобалық-сметалық құжат дайын. Қаражат бөлінген кезде келесі жылы шаруа іске асады.

Ауданда жыл басынан бері 1300-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Дені тұрақты түрде. 60-қа жуық отбасы жиынтық көлемі 10 млн теңгенің
атаулы әлеуметтік көмегін алды.

 

 

Самал Жунусова