Білім

Қозыбаев университетіне – 85 жыл

Жергілікті ғылым мен білімнің орталығы саналатын Қозыбаев университетіне – 85 жыл. Айтулы датаға орай бүгін І Қызылжар форумы өтті. Астанадан келген меймандар алдымен Манаш Қозыбаевтың ескерткішінің алдына жиналып, гүл шоқтарын қойды. Кейін барлығы музейге қарай бет алды. Бұл жақта Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының филиалдары ашылып отыр.

Таспа қиылды. Енді филиалдардың жұмысымен танысуға болады. Бөлмелерге өңірдің маңызды құндылықтары қойылған. Яғни, тарихи жәдігерлер мен осы күнге дейінгі жетістіктері көрініп тұр. Ал оң жақ төрден ғалымдардың ел тарихына қосқан үлесінен сыр шертетін кітаптар орын тепкен.

Махаббат Қозыбаева, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана қаласындағы филиалының директоры:

– Мы сегодня рады присутствовать на открытии филиала института этнологии имени Ш.Уалиханова в Петропавловске. Надеемся, это ускорит и продолжит созидательную работу по изучению Северо-Казахстанского региона.

Институттардың негізгі мекемесі Алматы қаласында орналасқан. 2010-жылы Елордада осындай бөлмелер пайда болды. Енді бүгін филиалдың ашылу салтанаты Петропавлда да өтті. Бұл бастамасы ғана, негізгі жұмыс келесі жылдың қаңтарынан басталмақ.

Талғат Мамыров, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты директорының орынбасары:

– Бұл филиал тек сіздердің өңірлеріңізде ғана емес, Қостанай, Павлодар облыстарының аумағында да жұмыс істейтін болады. Яғни, мамандар солтүстік өлкелеріндегі археологиялық қызметпен айналысады. Жаңадан құрылған филиал жергілікті университет, музейлермен әрі жоғарыдағы аталған облыстардағы орталықтармен тығыз байланыста болуы тиіс. Осы мақсатта 2 жылға 450 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр.

Филиал жұмысы үшін грант та беріліп отырмақ. Болашақта ғалымдар 6-7 археологиялық жасақ бойынша тұрақты түрде зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Шаруа сонау тас ғасырын да қамтиды.

Нұрболат Әбуов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Петропавл қаласындағы филиалының директоры:

– Біз тек ғылыммен айналысып қана қоймай, магистранттар мен докторанттардың біліктілігін арттыруға да көңіл бөлеміз. Саяси-қуғын сүргінге ұшыраған жандар жайлы да зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Қолға түскен ақпараттарды арнайы жинаққа бағыттаймыз. Жалпы, өлкеміз бен ел тарихын кеңінен зерттеп-зерделеуді көздеп отырмыз.

Сонан соң жиналған қауым университеттің жаңа корпусымен танысты. Ерлан Шұланов меймандарға бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп, әр аудиторияны көрсетті. Келесі кезекте – көптен күткен форум. Алғашқы болып Зарқын Тайшыбай тарихи деректерден баяндама жасады.

 

 

Алтынай Казиканова