МТРА жаңалықтарыЕрiктiлер

Петропавлдық Дамир Абдин үздік волонтері атанды

Үздік волонтер қандай деген сұрақ қойсақ, бірден ойға белсенді, мейірімді, жауапкершілігі зор деген ұғымдар келеді.
Осындай қасиеттерге ие Дамир Абдин биыл ел бойынша үздік волонтер атанды. Әйтпегенде ше, айналыспайтын саласы жоқ: мұқтаж жандарға жәрдемдеседі, жоғалған адамдарды іздеседі, «Lider.kz» еріктілер ұйымының Булаев қаласы бойынша үйлестірушісі болып еңбек етеді.
Еріктілік істі 2019-шы жылы қолға алыпты. Бұл – жан қалауы дейді.

Дамир Абдин, «Көмек жақын жерде» еріктілер қозғалысының жетекшісі:

– «Үздік ерікті» республикалық байқауына «Төтенше жағдайды жоюға белсенді қатысу» номинациясы бойынша қатыстым. Сайысқа 300-ден астам адам өтініш берген. Арасынан 160-ы ғана іріктелініп алынды. Соның 20-сы мен қатысқан аталым бойынша. Бірінші орын аламын деп ойламаппын. Бұл – мен үшін зор жетістік.

Дамир Абдин «Көмек жақын жерде» еріктілер қозғалысын 2019 жылы құрған. 4 жылдың ішінде қатарына 40 адамды қосқан.
Бұнымен тоқтап қалмаймын дейді. Ұйым қатарына жастарды көбірек тартқысы келеді. Мақсат – санды бағындыру емес, жастарды жақсы іс жасауға баулу.

Дамир Абдин, «Көмек жақын жерде» еріктілер қозғалысының жетекшісі:

– Біз аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға киіммен, азық-түлікпен көмектесеміз. Қажет болса жиһаз да жинап береміз.
4 жыл ішінде мыңнан астам отбасыға көмек көрсеттік. Мұқтаж жандарға барынша қол ұшын созуға тырысамыз.

Дамир Абдиннің айтуынша, еріктілер қозғалысының өкілдері көмекті ақшалай емес, заттай жинайды. Үздік волонтер бұл ретте солтүстікқазақтандықтардың белсенділігін атап өтті. “Көп түкірсе, көл болады” демекші, мұқтаж жанға көмек қажет дегенде өңір тұрғындары да қалыс қалмайды екен. Бұл – ұйымшылдықтың белгісі.

 

 

Самал Жунусова