Құқық қорғау органдары

Ерлігімен ерекшеленген полицейлер

Полиция қызметкерлері мен ардагерлер Аққайың ауданының жастарына арнап патриоттық кездесу ұйымдастырды. Олар өздерімен бірге
ведомствалық музейдің жылжымалы көрмесін ала келген. Соның ішінде Аққайың ауданының тумасы, Петропавлда учаскелік инспектор болып жұмыс істеген Алексей Щербаков туралы деректер бар. Маман қызметінде батылдығымен көзге түскен. Отбасылық жанжалды тоқтатуға шақыртылған ол мас бұзақыны тыныштандырамын деп жарақат алып, ауруханаға түседі. Бұл Алексей Щербаковтің батыл қадамдарының бірі ғана. №1 Смирнов орта мектебінің қасбетіне осы кісінің құрметіне арналып мемориалдық тақта орнатылған.

Әмір Нұрланов, оқушы, Аққайың ауданы:

– Бүгін ерлік сабағына қатыстық. Полиция департаментінің жанынан құрылған музейге биыл 33 жыл толған екен. Қызмет барысында ерлігімен ерекшеленген маманның адамгершілігі мен батылдығы жайында естіп білдік.

Наиль Ғалиев, оқушы, Аққайың ауданы:

– Бұндай кездесулер әрдайым қызықты өтеді әрі тәрбиелік мәні де зор. Ардагерлер мен тәртіп сақшылары тәжірибелерімен бөлісті.

Ерлік сабағына учаскелік полиция инспекторы Руслан Қыдырмин де қатысты. Азамат полиция батальоны құрамында қызмет атқарып жүрген жылдары екі мәрте адам құтқарған. Балалармен кездесуде батыл адам сол ерлігі жайлы баяндап берді. Кездесу соңында өз сырымен бөлісушілерге оқушылар сұрақтарын қойды.

Сергей Акимкин, ішкі істер органдарының ардагері:

– Тоқшын ауылында қалай және қандай учаскелік инспектор болғаным жайлы сұрады. Мен өз сырыммен бөлістім. Сол аралық 80-90-шы жылдарға келген болатын. Бұрындары ГАЗ 53, УАЗ қызметтік көліктерін міндік. Жаз кезінде “Урал”, “Днепр” деген мотоциклдармен жүретінбіз.

Аға буын өкілдерінің айтуынша, осындай патриоттық іс-шаралар жас ұрпаққа өз еліне деген сүйіспеншілігін арттырып, тарих пен мәдениетті ұғынуға септеседі.

 

 

Гульден Симбаева