Спорт

Жерлес муайтайшылар Түркияда тәнті етті

5 алтын, 3 күміс, 4 қола. Қарашаның 20-сы мен 30-сы аралығында Түркияның Анталия қаласында өткен Анталия ашық кубогінде теріскейлік муайтайшылар осынша жүлдені қоржынға басты. Халықаралық жарыста өңіріміздің мен деген муайтайшысы Руслан Заякин күміс медальға ие болды.

Руслан Заякин, муай-тайдан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
– 71 келі салмақ дәрежесінде сынға түстім. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Бұл сында 4 кездесу өткіздім. Алғашқы қос кездесуде жергілікті спортшыларды ұттым. Финалға жолдаманы франциялық спортшымен сарапқа салдық. Ол сында да менің жолым болды. Алтын үшін кездесуге иық жарақатыма байланысты шықпадым. Күміс медальдің өзі бір нәтиже.

Бұл байрақты бәсекеге қатысқан Әлихан Қонысбайдың да шеберлігін айтпай кетпеске болмас. Небәрі 11 жастағы деткіншек турнирде 3 түрік спортшысымен кездескен. Финалға дейін қос жергілікті муайтайшыны айқын басымдықпен жеңген ол финалда сүрініпті.

Әлихан Қонысбай, муай-тайдан Анталия ашық турнирінің жүлдегері:

– Бұл спортқа мен өзімді қорғау үшін келдім. Сондай-ақ, өз жетістіктеріммен жақындарымды қуантқым келеді. Жақындарым менің кездесулерімді көрді. Темір жол вокзалынан күміс жүлдеммен күтіп алды. Туыстарымның бәрі мақтап, құттықтады.

Жалпы, бұл сында ел намысын қазақстандық спортшы қорғады. Оның 14-і – солтүстікқазақстандық саңлақтар. Бұл спортшылардың 12-сі жүлдеге іліккен екен.

Иван Ван-Хон-Тун, муай-тайдан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:

– Жарысқа 40 елден 700-ге тарта спортшы қатысты. Біздің солтүстікқазақстандық споршылар байрақты бәсекеде өздерін жақсы қырынан көрсетті. Ел құрамасы жалпы командалық есепте 2-ші орын алды. Бұл нәтижедегі біздің споршылардың үлесі зор.

Бұл жергілікті спортшылардың биылдыққа соңғы жарысы. Келер жылы саңлақтар өз жорықтарын ел біріншілігінен бастайды. Содан кейін әлем чемпионатында бақ сынамақ.

 

 

Алдияр Айтпаев