Мәдениет

Бақыт Мұстафинді еске алу кеші

Биыл солтүстіктің маңдайына біткен перзенті, қарымды қаламгер – Бақыт Мұстафиннің мерейтойы. Көзі тірі болса, азамат 85 жасқа толар еді. Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінде журналистің құрметіне “Абзал азамат” атты еске алу кеші өткізілді. Шараға публицистің жары Дәмелі Мұстафина да қатысып отыр. Өзінің өмір жолын журналистикамен байланыстырған Бақыт Мұстафин тағдыр қосқан қосағымен де редакцияда танысып, шаңырақ көтеріпті.

Дәмелі Мұстафина, Бақыт Мұстафиннің зайыбы:

– 1959 жылы Қазақ ұлттық университетін қызыл дипломмен бітірді. Содан кейінгі өмірі осы “Ленин туы” газетімен байланысты. Құрметті еңбек демалысына шыққанша дейін сол баспада аянбай тер төкті. Бүкіл саналы ғұмырын осы газетке арнады деуге болады. Газеттің атын “Солтүстік Қазақстан” деп өзгерту керек деп айтқан сол кісі.

Журналистика саласында қалам тербеп, заманның таршылығына мойымаған Бақыт Мұстафин өмірінің соңғы жылдарында Қозыбаев университетінде студенттерге дәріс берген. Осылайша, ол қос тұтқаны қатар ұстаған. Профессор Зарқын Тайшыбай жазушымен етене араласқан. Еске алу кешінде де Зарқын Сыздықұлы дарынды тұлғамен жолдастығын еске алды.

Зарқын Тайшыбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Өмірінің соңғы 20 жылын Қызылжар жерінде қатар өттік. Одан бұрын сырттай бір-бірімізді білетінбіз. Қаламгер менен 5 жасқа үлкен. Бірақ, бір заманның журналистері құрдас сияқты. Олардың мұңы да, сыры да бір болатын.

Қарымды қаламгер артынан өшпестей із қалдырды. Бақыт Мұстафиннің 10-нан астам кітабы мен 30-ға жуық очерктер мен әңгімелер жинағы жарық көрген. Журналист балаларға арнап та шығарма жазған. Абзал азаматтың еңбектерін Ерсұлтан Әкімбек қызыға оқиды. Еске алу кешіне ол Сәркен Барқытовтың Бақын Мұстафинге арнап жазған арнауын дайындап келіпті.

Ерсұлтан Әкімбек, оқушы:

– Бұл өлеңде Бақыт Мұстафинның қандай адам болғаны, еңбек жолы – барлығы суреттелген. Отбасысы жайлы да шумақтар бар. Жақында қазақ әдебиеті сабағынан Бақыт Мұстафин жайлы оқыдық. Әртүрлі шығармалары бар. Кейбіреуін оқыдық. Мысалы, “Тәтті сәбіз” шығармасы. Ол еңбекте жазушы еңбек етсең, еңбектің наны тәтті деп жазып кеткен екен.

“Солтүстік Қазақстан” газеті мен жергілікті жерде журналистика саласының дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтың шығармалары бүгінгі шарада көрме ретінде көпшілікке ұсынылды.

Алдияр Айтпаев