Қоғам

2023 жылы Тайынша ауданында 2 жаңа мектеп ашылады

 

Қыркүйек айының соңында Тайынша ауданының әкімі болып тағайындалған Берік Әлжанов та жылды қорытындылады. Ақтамінер аудандағы атқарылған шаруаны жіпке тізіп, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Ауданның даму деңгейінің маңызды индикаторы – негізгі капиталға инвестициялар салу болып табылады. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 25,8 млрд теңгені құрады.

 Берік Әлжанов, Тайынша ауданының әкімі
– Ауданымыздың инвестициялар жиынтығының көлемі облыс бойынша 2 орынға ие. Бұл үлес біздің өңірдің экономикасына инвестицияланған қаражаттың 9,6%-ын құрайды. Тартылған инвестициялардың барлық көлемі кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен қалыптасты. 01:53 Осы жылдың ең ірі инвестициялық жобалары: «ЕМС Агро» ЖШС шошқа кешенін кеңейту, инвестиция – 1 млрд теңге және «Астық STEM» ЖШС сүт-тауар фермасының салынуы 1 млрд теңгеден астам қаражатты құрды. Ең ірі инвестициялық салымдар «BioOperations» ЖШС-іне түсті.

Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында ауданда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 115,9 млрд теңгені құрады. Соның ішінде мал шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі салаларының бірі болып табылатын агроөнеркәсіп секторының ең әлеуетті бағыты.

Берік Әлжанов, Тайынша ауданының әкімі
– Бүгінде барлық төрт түлік санының өсімі байқалады. Ауданда 4 бордақылау алаңы, 4 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Осы фермаларда 256 тұрғын тұрақты жұмыс орнымен қамтылған.

Ауданда құрылыс саласында да оң өзгеріс бар. Соңғы 10 айда 7 млрд теңгеге жуық құрылыс жұмыстарының көлемі орындалды, 8 жарым мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Тайынша қаласында биыл 600 орынға шақталған мектептің құрылысы басталып кетті. Вишневка ауылында да 120 орынға шақталған білім ұясы салынып жатыр. Оқу ошақтары келесі жылдың 1-ші қыркүйегінде қолданысқа тапсырылмақ. Баяндама барысында Берік Әлжанов халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталып өтті.

Берік Әлжанов, Тайынша ауданының әкімі
– Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылы Летовочный, Макашевка, Рощинск ауылдарында жергілікті сумен жабдықтау нысандары салынды. Нәтижесінде 3 ауылдың 2 жырым мыңға жуық тұрғыны сапалы сумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Киров ауылындағы Булаев топтық су құбырына қосылу арқылы тарату желілерінің құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Небәрі 2 ай бұрын ғана Тайынша ауданына әкім болып тағайындалған Берік Әлжанов халықпен тығыз байланыстамын дейді. Аптасына 2 рет жеке қабылдау өткізіп, елді мекендерге арнайы барып жұртшылықпен жүздеседі екен.

Берік Әлжанов, Тайынша ауданының әкімі
– Осы лауазымға тағайындалғалы азаматтарды қабылдаймын. Жеке қабылдау сейсенбі және бейсенбі күндері. Осы аралықта 30-дан астам адамды қабылдадым. Тағы елді мекендердің тұрғындарымен де кездесу ұйымдастырып отырамын. Негізгі мәселелер жол мен суға қатысты.

Бүгінгі таңда тайыншалықтарды әбден мезі қылған мәселе – жол жағдайы. Соның ішінде ең өзектісі Тихоокеанское, Шұңқыркөл және Алабота елді мекендерін байланыстыратын аралық. Ұзындығы 46 шақырымды құрайтын жолдың қашан жөнделетіні белгісіз дейді Берік Әлжанов. Проблема келесі жылға қомақты бюджет қарастырылған жағдайда ғана шешімін табуы мүмкін.


Дана Ешкенова