Қоғам

Жарылған су құбырын жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?

 

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:
– Қазір сағат кешкі 5-тер шамасы. Түні бойы атқарылған қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жан-жаққа жайылған су жақын маңайдағы тұрғын үйлерге дейін жетіпті. Бірінші қабатта тұратын тұрғындар судан әлі де құтыла алмай жатырмыз дейді.

ЕЛЕНА КАПУСТИНА, қала тұрғыны:
–  Маған көршілерім телефон шалып, үйімізге су кіріп жатқанын айтты. Тез арада үйіме жеттім. Үйге су тізеге дейін жететіндей кіріпті.

Еден, қабырғалар мен жиһаз – біраз дүниеге ылғал тиген. Баспана иелері келген шығынды әлі есептемеген.
Қалалық әкімдік өкілі Әсем Айтулованың айтуынша, тұрғындарға қаншалықты шығын келгені анықталады дейді.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
–  Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін мердігер компания келтірілген шығын бойынша толық төлейтін болады. Егер мердігер компанияның тарапынан жұмыстар сапасыз орындалғаны анықталса, онда тұрғындарға келтірілген шығын компания есебінен төленетін болады. Сонымен қатар, әкімдік тарапынан да претензиялық жұмыстар атқарылады. Қажет болған жағдайда сотқа жүгінетін боламыз.

Кешегі аққан су қанша сорылса да қалғаны көлшікке айналып қатып қалған. Бұл жер қазір тайғанақ. Үстінен құм себілген. Естеріңізге сала кетейік, кеше сусыз қалған 960 адамның 630-ы әлі тіршілік көзінсіз отыр. “Қызылжар су” серіктестігінің өкілдері қалыпқа келтіру жұмыстарын бүгін аяқтауға уәде берді.


Самал Жунусова