Мәдениет

Желтоқсан оқиғасы туралы «1 жыл 11 ай 3 күн» кітабы таныстырылды

 

Петропавлда «1 жыл 11 ай 3 күн» кітабының таныстырылымы өтті. Авторы – Шымкент қаласының тумасы Ермұханбет Қуандық. Азамат 86-жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Зұлмат кезеңде қазақ халқының болашағын ойлап, тіл мәселесін көтеріпті. Осынысы үшін 3-курста оқып жүргенде 5 жылға сотталған. Абырой болғанда, 1 жыл 11 айда мерзімінен бұрын бостандыққа шыққанын айтады. Сиясы кеппеген туындыда өзі жайлы, қаһарлы күндері орын алған оқиғалар туралы жазған.

ЕРМҰХАНБЕТ ҚУАНДЫҚ, кітап авторы:
–  Бұл кітаптың ішінде ешқандай қосылған мағлұмат жоқ. Тек өз өмірбаяным. Желтоқсан туралы «Аллажар» деген тек қана 1 фильм түсірілген. Сондықтан, осы кітапта үйде жұбайымның талқылауымен жаздым. Өткен жылы жазып қойғам. Бірақ, Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына шығара алмадық. Алғашқы тұсаукесерін 25-мамырда орталық кітапханада өткіздік.

Ермұханбет Қуандық еркіндікке шыққаннан кейін қайтадан оқуына қабылданған. Сөзіне қарағанда, жасаған батыл қадамы үшін өкінбейді. Бір әттегенайы – уайымға салынып, қапа болған анасының жағдайы. Баласы тар қапасқа қамалғанда нәзікжанды үйден шықпаған. Алматылық мейман ауыр күндер жайлы 1 сұхбатта айтып беру мүмкін емес дейді. Ол үшін кітапты оқуға кеңес береді.

ЕРМҰХАНБЕТ ҚУАНДЫҚ, кітап авторы:
– Біз «Желтоқсан» ҚБ атынан «Тәуелсіздікке жеткізген желтоқсандықтар» деген бөлек кітап шығардық. Себебі, бүгінгі күнде Қазақстанда желтоқсандықтар көп. Бірақ, Алматы қаласы бойынша істі болып, сотталған – 88 адамбыз. Барлығы ҚК-тің 60, 65-бап бойынша сотталды. Алғашқысы – «Ұлттық араздықты тудыру немесе насихат жүргізу». 65-бап – «Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру». Ол мемлекеттік қылмыс болып саналады.

Туынды авторынан не себепті Петропавлда таныстыру өткізуді шештіңіз деп сұрадық.

ЕРМҰХАНБЕТ ҚУАНДЫҚ, кітап авторы:
– Осы кітаптың кейіпкері Бұханова Бағдат деген сіздерде әкімдікте жұмыс істейді. Ол – сотқа келіп мені қорғаған жандардың бірі. Өзі желтоқсаншымын деп айтпайтын көрінеді. Сол себепті, жұртқа таныстырып, ерлігінен хабардар ету үшін келдім.

Әскери зейнеткер Боташ Қажымов та Желтоқсан оқиғасының қатысушысы. Көтеріліс орын алып жатқан кезде әскерде болыпты. Алматыдағы сұмдық жайлы естігенде төбе шашы тік тұрғанын айтады. Бастапқыда сенгісі де келмеген. Қазақстанға біздің жерден шыққан адам жетекшілік етсін деген өтініш парақшаларын таратқаны үшін біраз қудаланды.

БОТАШ ҚАЖЫМОВ, әскери зейнеткер:
–  Әскерден шығарып жіберді. Қосымша университеттің соңғы курсынан да шығарды. 7 жыл 9 ай 22 күн қудалауда болдым. Арасында ақталдым. Университетті бітіріп, әскери тілші болдым.

Айта кетсек, «1 жыл 11 ай 3 күн» кітабы осы айдың 7-сі күні Астанада таныстырылмақ.


Алтынай Казиканова

REL POST ID: